
Алматыда «Қазақстан лифт саласының трансформациясы. Даму келешегі мен сын-тегеуріндер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан Ұлттық лифтішілер қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастырды.
2012 жылдан Қазақстанның лифт саласында лицензиялау алынып тасталған соң лифт шаруашылығында алақол қызмет көрсетуші компаниялар мен лифт жабдығын жеткізушілер пайда болды. Тиісінше лифтерде оқыс оқиғалар саны артты.
Аталмыш мәселелерді шешу мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасы бойынша Қауымдастықпен бірлесе отырып, «Лифтер, эскалаторлар, траволаторлар және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған көтергіштер. Жеткізу, орнату және пайдалануға қатысты талаптар» атты ҚР Ұлттық стандарты әзірленді. Биыл күшіне енген «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңына және «Азаматтарды қорғау туралы» ҚР заңына енгізілген түзетулерге сәйкес бұл стандарттарды лифт нарығына қатысушылардың барлығы орындауға міндетті.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі лифт саласын дамыту бойынша жол картасын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес лифтерді орнату, жөндеу және қызмет көрсетумен айналысатын компанияларды міндетті түрде аттестациядан өткізетін тетік құру және біліктілік талаптарын дайындау арқылы сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, отандық лифт өндірісін дамытуға бағытталған міндеттер мен тәсілдер дайындалды. Іс-шараға қатысушылар маңызды міндеттердің бірі ретінде лифтерді өндіруге арналған жасақтаушыларды елге кіргізу үшін кедендік бажды алып тастау туралы айтты. Өйткені 2019 жылдың ақпанынан бастап дайын лифтерге кедендік баж алынып тасталған. Осы тұста отандық өндіріске арналған жасақтаушыларға қатысты кедендік баж 15% дейін жетті. Лифтер өндірісіне байланысты қызметті «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қосу мәселесі пысықталмақ. Сондай-ақ, саладағы мамандарды оқытуға арналған орталықтар құру жоспарлануда. Нарық қатысушыларын міндетті түрде Қауымдастыққа мүше ету негізінде өзіндік реттеу тетігін ендіру мәселесі де қарастырылып жатыр.
Нормативтік мерзімі өтіп кеткен лифтер мәселелесі де шешімін табуы тиіс. Елімізде қазір ескірген 5 мыңдай лифт жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 4 мыңнан астамы тез арада жаңартуды қажет етеді. ТҮКШ жаңғыртуға арналған мемлекеттік бағдарлама «ескі» лифтерді ауыстыру қарқыны төмен екенін көрсетіп отыр. Бұған төменгі қабат тұрғындарының экономикалық тұрғыдан қызығушылық танытпай отырғандығы да себеп. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес лифтерді ауыстыру бойынша шешім жалпы үй деңгейінде қабылдануы керек. Оған қоса, бөлінген бюджет қаржысының қысқа мерзімге (7 жылға дейін) берілуі пәтер иелері көтеретін қаржылай салмағының артуына алып келмек. Осыған орай Қазақстанның лифт қауымдастығы елімізде лифт паркін қайта жаңартуға арналған бағдарлама дайындауды ұсынып отыр.
Мамандардың пікірінше, арнайы бағдарлама пәтер иелерінің әлеуметтік ерекшеліктерін (мүгедектер мен зейнеткерлер) ескере отырып, қаржыландыру жаңартпалы несие негізінде ұзағырақ мерзімге берілгені жөн. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін отандық лифт өндірушілермен Off take келісімшарттар жасасу арқылы компанияларды іске тарту қажет. Бұл қауіпсіздікті, қызмет көрсетуді және қосалқы бөлшектермен үздіксіз қамтамасыз ете отырып, отандық өндірісшілердің дамуына жол ашпақ.
Қазіргі таңда Қазақстанда лифт жасайтын 6 зауыт бар. Олардың өндірістік қуаттылығы жылына 3,5 мың лифтіні құрайды. Жиынға қатысушылар саланы дамыту шаралары оң нәтижес беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық көлемін арттырып, қаржының ел ішінде қалуына жағдай жасайды деген пікір білдірді.