Қазақстан мен Еуроодақ шикізаттың тұрақты құнын құру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Еуроодақ шикізаттың тұрақты құнын құру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы  меморандумға қол қойды

Шарм Эль-Шейхтегі СОР 27 саммитінің өтуі барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов тұлғасында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен тұлғасында Еуропалық Одақ арасында шикізаттың, аккумуляторлық батареялардың және жасыл сутегінің тұрақты құнын құру тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл оқиға Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісіммен бекітілген ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге қосымша серпін береді.

Қол қойылған құжат «ресурстарды инвестициялар мен технологияларға айырбастау» прагматикалық тәсілі негізінде өзара тиімді қарым-қатынас құру қағидаттарына негізделген.

Жалпы, әріптестіктің назары сирек және жерде сирек кездесетін металдар сияқты шикізаттың ерекше маңызды түрлеріне, сондай-ақ экономиканың «жасыл» және цифрлық трансформациясы үшін маңызды басқа да өнеркәсіптік өнімдерге аударылады.

Осы мақсаттарда Еуропалық Одақта барлық құн тізбегіндегі өнеркәсіптік кәсіпорындар, инвесторлар, мемлекеттік, ғылыми-зерттеу және технологиялық ұйымдар кіретін Еуропалық шикізат және аккумуляторлық альянстар құрылды. Альянстармен кооперация болашақта қазақстандық кәсіпорындарға қосылған құнның жаһандық тізбегіне кіруге, олардың өнімдерінің нарық географиясы мен номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Меморандум тараптардың инвестициялар, жер қойнауын геологиялық зерттеу, ғылыми зерттеулерді дамыту және тау-кен өндіру секторын жаңғырту салаларындағы ынтымақтастығын дамыту әлеуетін арттырады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің уәкілетті салалық органдармен бірлесіп атқарған жұмысы бұдан әрі Стратегиялық әріптестіктің Жол картасында жазылатын нақты іс-қимылдарды жүзеге асырумен жалғасады.