
"Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру" жобасы аясында 75 әлеуметтік маңызы бар нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Жоба Дүниежүзілік банк пен ҚР Үкіметі арасындағы грант туралы келісім аясында жүзеге асырылуда. 21,7 млн. АҚШ долларын құрайтын грант қаражаты Дүниежүзілік Банктің әкімшілік етуімен Траст қоры арқылы Швейцарияның Даму және Ынтымақтастық агенттігімен ұсынылған.
Жобаның Атқарушы агенттігі «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ болып табылады. Бүгін институттың Басқарма Төрағасы Бауыржан Смағұлов Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Жан-Франсуа Мартомен кездесу өткізді. Жиын барысында энергия үнемдеу саласындағы МЖӘ мәселелері және осы құралды дамытудың маңыздылығы талқыланды. Сондай-ақ институт қызметкерлері аяқталған жобалар бойынша жұмыс қорытындысы мен олардың тиімділігі туралы баяндама жасады.
«Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы екі компоненттен тұрады. Біріншіден бұл мемлекеттiк және әлеуметтiк маңызы бар объектiлердің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар.
"Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ мамандарының деректері бойынша, энергиялық тиімді деңгейіне өту мүмкіндігіне мектептер, балабақшалар мен ауруханалар ие болды. Мемлекеттік мекемелерді таңдау конкурстық негізде жүргізілді.
Әлеуметтік нысандарда энергия үнемдейтін терезелер орнатылды, жылыту және жарықтандыру жүйелері жаңғыртылды, шатыры жөнделді, қасбеттер жылытылды. Энергомониторинг қорытындысы бойынша бір объектідегі жылдық үнемдеудің орташа мөлшері жылу энергиясы бойынша 30% - ды және электр энергиясы бойынша 15% - ды құрайды. Сондай-ақ, гранттық қаражат есебінен елді мекендердегі жекелеген көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
Бүгінгі күні энергия үнемдеу бағытында нәтижелерді растау мақсатында іске асырылған барлық жобалардың энергия тұтыну мониторингі жүзеге асырылуда. Мысалы: Қарағанды қаласында (№66 орта мектеп) кіші жоба бойынша жылу энергиясын 25% - ға және электр энергиясын 13% - ға үнемдеуге, Ақтау қаласында (№54 балабақша) кіші жоба бойынша жылу энергиясын 16% - ға және электр энергиясын 45% - ға үнемдеуге қол жеткізілді.
Өз кезегінде, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто жоғары энергия сыйымдылығы экономикалық бәсекеге қабілеттілік, қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта тұрғысынан ел үшін елеулі шығындарға алып келгенін атап өтті. Сондықтан Қазақстанда энергия үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Нәтижесінде, тараптар энергия үнемдеу саласында одан әрі ынтымақтастық пен жаңа бірлескен жобаларды әзірлеу туралы уағдаласты.