
"Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ мен Қазақстандағы Азия Даму Банкінің өкілдігі энергия үнемдеу саласында ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Институт қабырғасында өткен кездесу барысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту бойынша бірлескен жұмыстар мен жоспарларды талқыға салды.
25 жылдан астам уақыт бойы Азия даму банкі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру мақсатында несие, техникалық көмек, гранттар мен инвестициялар ұсынып келеді.
Өз кезегінде, банк институттың мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласындағы әлеуеті мен құзыретін арттыру бойынша техникалық көмек жобасын іске асырды. Тараптар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі арқылы энергия үнемдейтін пилоттық жобаларды іске асыру, оның ішінде Атырау облысы мен Атырау қаласының медициналық және білім беру мекемелерін энерготиімді жаңғырту және Қызылорда қаласының көшелерін жарықтандыру бойынша зерттеулер жүргізіп, құжаттар пакетін әзірледі.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар ағымдағы жобалар мен энергия тиімділігін арттыру тетіктері туралы ақпаратпен бөлісті. Азия Даму Банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капаннели мырзаны мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру тетігі және талдау кезінде қандай деректер пайдаланылатыны ерекше қызықтырды, осы ретте институт тарапынан егжей-тегжейлі түсініктеме берілді.
Мемлекеттік энергетикалық тізілім (МЭТ) - энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның 1.500 және одан көп тоннасына баламалы көлемде тұтынатын энергия сыйымды кәсіпорындардың, сондай-ақ жылына шартты отынның 100 және одан көп тоннасына баламалы көлемде энергетикалық ресурстарды тұтынатын мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және табиғи монополиялардың деректер базасы. 2020 жылдың басында тізілім 20 533 субъектіден тұрады.
Қазақстанда энергетикалық тізілімді енгізу жұмысында Жапонияның тәжірибесі негізге алынды, өйткені бүгінгі таңда Жапония энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша әлемдегі ең үздік елдердің бірі болып табылады. Тізілім энергия ресурстарының негізгі тұтынушыларын анықтайды және мемлекетке олардың энергия тұтыну мониторингін жүзеге асыруға және энергия үнемдеуге ынталандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жиын барысында энергия тиімділігін арттыру, шағын және орта бизнестегі жасыл жобаларды қаржыландыру мен ынталандыруға бағытталған жаңа бастамалар да талқыланды.
Кездесу соңында институттың Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов Джаванни Капаннели мырзаға Қазақстанның энергия тиімділігін арттырудағы банктің елеулі үлесі үшін энергия үнемдеуді бейнелейтін мүсіншені табыс етті.