
Степногорск қаласының әкімдігінде «Алтыналмас» компаниясының бастамасымен жергілікті кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен өнеркәсіпшілер өкілдерінің кездесуі өтті. Қала түзуші кәсіпорын қатысу өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал етуге ниетті.
Степногорск өңірінде бизнесті дамыту үшін компания жергілікті кәсіпкерлер мен өнеркәсіпшілерге бір қауымдастыққа бірігуді және бірлесіп әрекет етуді ұсынды, мұның өзі қала түзуші кәсіпорындармен ШОБ-тың ынтымақтастығын күшейтуге, өңірдегі кәсіпкерлік үшін даму әлеуетін арттыруға, сондай-ақ өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және мүдделерін қолдауға мүмкіндік береді.
Степногорск қаласы әкімдігінің мәліметінше, жергілікті азық-түлік өндірушілер мен фермерлер қазіргі таңда компанияның өндірістік бөлімшелерінің негізгі азық-түлік өнімдеріне деген қажеттілігін өтей алады. Болашақта жергілікті өндірісті әртараптандыруды және ассортиментке басқа да сұранысқа ие азық-түлік тауарларын енгізуді қарастыруға болады.
«Егер кәсіпорындар біздің ауыл шаруашылық тауарын өндірушілермен жұмыс істейтін болса, онда олар біздің экологиялық таза өнімімізді алады, осы арқылы біз шағын және микро бизнесті «көтереміз». Бұл қала түзуші компаниядан келіп түскен өте жақсы ұсыныс. Бүгін үлкен жоба бастау алды, нормативтік-құқықтық актілерге қатысты мәселені қарастыру ғана қалды, бұдан әрі біз барынша нақты әрекет ететін боламыз. Мұндай ынтымақтастық саласы шектелмеген және тауар айналымының үлкен көлемін қарастырады», – деп атап өтті Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.
Степногорск өңірі кәсіпорындарының аграрлық өнімін «Алтыналмас» компаниясы қазірдің өзінде сатып алуға дайын.
«Қауымдастық алаңында біздің пысықтағымыз келетін алғашқы құралдардың бірі — бұл өнеркәсіпшілердің қажеттіліктері үшін жергілікті өндірушілерден/ фермерлерден азық-түлік сатып алу. Біріккен жұмыс жағдайында бұл құрал ШОБ-қа шығарылатын тауардың жаңа түрлерін жасауға, көлемін ұлғайтуға, өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ұсынылып отырған өзара әрекеттесу схемасы мынадай: «Алтыналмас АК» АҚ компания кәсіпорындарында барынша кһөп тұтынылатын тауарлар пулын (өнім желісін) қалыптастырады және жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп өнім шығаруды жергіліктендіру мүмкіндігін қарастырады. Бұдан әрі ШОБ өкілдерімен өндірісті модернизациялау немесе жаңасын құру үшін офтейк-келісімшарт жасалады, бұл сондай-ақ ШОБ-ға өз өндірісін әртараптандыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті кездесуде «Алтыналмас» компаниясының Коммерциялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Баламир Маханов.
Сөйтіп, ірі кәсіпорындардың айналасында отандық ШОБ экожүйесін құра отырып, компания елішілік құндылықты дамытуға үлес қосады. Бұл әрекеттен барлық мүдделі тараптар пайда көреді: мемлекет үшін ШОБ тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді, салық базасын қалыптастырады және жергілікті бюджетті толықтырады; өнеркәсіптік кәсіпорындар жеткізу тізбегіндегі орнықтылық және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізеді; шағын бизнес тауар өндірісінің тұрақты көлеміне және сенімді серіктеске, яғни ертеңгі күнге деген сенімділікке ие болады.
«Bioprom Techoloqies» ЖШС директоры Рамазан Бакишев: «Жақсы идея екен. Біз картоп өсірумен айналысамыз, «Алтыналмас» компаниясының өндірушіден тікелей жеткізушіге делдалсыз беру идеясын толық қолдаймыз. Бұл дегеніміз — өндірістік қауіпсіздік мәселесі, жергілікті тауар өндірушілер осы бірлестікке дайын».
Бұдан басқа «Алтыналмас» қаржыландыру және нарыққа қолжетімділік сияқты ШОБ-ға қолдау көрсету құралдарын қарастырады. Компания лизинг шарттары негізінде Ақмола тауар өндірушілеріне арнайы техника мен жабдықтарды ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін мәлімдеді, мұның өзі өндірістік базаны кеңейтуге, өндіріске озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ШОБ конкурстық шарттар негізінде өзінің дамуы үшін компаниядан грант түрінде субсидиялар ала алады.
Қауымдастық құру идеясын «Энергокомлекс» ЖШС, «СТХК» ЖШС, сондай-ақ «Қазақстан жылыжай технологиялары» ЖШС, «Bioprom Techoloqies» ЖШС жергілікті кәсіпкерлері, ЖҚҚ өндірушілері мен шаруа қожалықтары қолдады.