
2018 жылғы 20 маусымда 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресі аясында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің тұжырымдамалық сұрақтарын талдау мақсатында дөңгелек үстел өткізілді. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігімен ұйымдастырылған іс-шарада министрлік басшылары, заң консультантары, жер қойнауын пайдаланушы компания өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел шеңберінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы заңнамасының реформалануы, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы және де Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекстің өзге де сұрақтары қарастырылды.
Дөңгелек үстел отырысында сөз алған Инвестициялар және даму Вице-министрі Тимур Тоқтабаев жаңа Жер қойнауы туралы Кодекс жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық климатты жақсартып қана қоймай, сондай-ақ мемлекеттің тұрақты дамуы үшін минералық-шикізат базасының ұлғаюын қамтамасыз етуге септігін тигізетіндігін атап өтті.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 2018 жылғы 29 маусымда күшіне енеді.
Кодекс келесі концептуалдық өзгерістерді қамтиды:
- Австралиялық модель аналогиясы негізінде «Бірінші өтінім» лицензиялық тәртібі қағидатын енгізу арқылы Жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдетілген тәртіпте беру;
- қорлардың халықаралық бағалау тәртібіне өту;
- геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділікті беру;
- экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кен орнын жабу кезінде ликвидациялау ережесін күшейту және т.б.
Жер қойнауы туралы ҚР Кодексімен Министрліктің http://mid.gov.kz сайтында танысуға болады.
