
Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай жаңа қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті. Жиынды министрліктің Жауапты хатшысы Замир Сағынов ашты.
«Қазіргі уақытта кәсіби мемлекеттік аппаратты ұйымдастыру мәселесі өте маңызды. Осы мақсатқа жету үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен мемлекеттік органдар 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруда. Кез келген мемлекеттің табысы мен өркендеуі мемлекеттік қызметшілердің тиімді және кәсіби жұмысына негізделген. Сондықтан ел басшылығы оны жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударады. Жыл сайын мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жақсарып келеді. Сонымен бірге қызметкерлерге қойылатын талаптар да арта түсуде»,-деді Замир Сағынов.
Осыдан кейін министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне жаңадан келген қызметкерлер ант қабылдады.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметтің имиджі мен кәсібилігін арттыруға, халыққа адал және кәсіби қызмет етуді насихаттауға үлес қосқаны үшін Мемлекеттік қызметкерлер күні мерекесіне орай
Қаржы департаментінің бас сарапшысы Гүлнәр Бермұхамбетова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.
Іс-шараны қорытындылаған министрліктің Жауапты хатшысы З.Сағынов қызметкерлерді келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тіледі.













