
Индустриялық даму комитетінде Мемлекет басшысының мектеп формасын сатып алу тетігін әзірлеуге қатысты тапсырмасын іске асыру жөнінде кеңес өтті. Жиынға Оқу-ағарту министрлігі Балалардың
құқықтарын қорғау комитетінің, "Атамекен" ҰКП, "Qaz Textile Industry" ҚР жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағы және "Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы" ЗТБ, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Бүгінде елімізде киім өндірісі бағытында 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Отандық киім нарығы негізінен реттелетін сатып алу мен мемлекеттік тапсырыс қажеттіліктеріне бағытталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша киім өндірісінің көлемі 54,4 млрд теңгені құрады, НКИ - 102,3%. Ал, 2022 жылдың алты айында өндіріс көлемі 27,7 млрд теңгені құрады.
Өз кезегінде 38 тігін кәсіпорында мектеп формасын өндіруге арналған индустриялық сертификат бар. Ірі өндірушілердің қатарында "Казлегпром-Алматы" ЖШС, "Большевичка" ЖШС, "Аленсия" ЖШС, «Angelcher» ЖШС, «Алтын адам» ЖШС, «GLASMAN» ЖШС, «Sens Fashion»ЖШС және т. б. сияқты кәсіпорындар бар.
2017 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің бұйрығымен орта білім беру ұйымдарында оқитын ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы бойынша ұлттық стандарттар бекітілді. Мектеп формасының стандарттары сапасыз, әрі балалар денсаулығына қауіпті өнімдердің импорттық ағынын азайтуға бағытталған.
Онлайн кездесудің қорытындысы бойынша бизнес өкілдері мектеп формасын тігу мен бөлудің бірыңғай жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті. Мектеп формасының ұлттық стандартына сілтеме жасай отырып, қойылатын нақты міндетті талаптарды айқындау, қажет болған жағдайда қолданыстағы стандарттарға өзгерістер енгізу көзделеді. Сондай-ақ, ата-аналар үшін әр балаға арналған онлайн-сауалнаманы толтыру мәселесі қарастырылады және жеңілдікті шарттармен іске асыру нүктелерін анықтау көзделген.