
Бүгін Астанада көлік және инфрақұрылым саласы бойынша Қазақстан-Австрия жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Отырыс Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр мен Австрия Республикасының Көлік, инновация және технология министрлігінің Бас хатшысы Андрес Райхардтың тең төрағалығымен өтті.
Кездесу барысында тараптар екі елдің көлік тасымалдарын дамыту, көлік дәліздері, транзит, цифрландыру саласындағы соңғы жаңалықтар туралы ақпараттармен алмасты.
Австрия тарапы автомобиль жолы мен теміржол көлігі, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі екендерін білдірді. Сондай-ақ автомобиль жолы, азаматтық авиация және теміржол салаларындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделілік бтанытты. Өз кезегінде қазақстандық тарап көлік инфрақұрылымына цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті және көлік-логистикалық жүйені цифрландыруда Австрия тәжірибесін зерттеуге қызығушылық танытты. Тұтастай алғанда, Қазақстан мен Австрия арасындағы көлік саласының екіжақты қарым-қатынасы оң динамиканы көрсетеді.
2018 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен Чэнду (ҚХР) - Алтынкөл (Қазақстан) - Вена (Австрия) бағыты бойынша 40 футтан тұратын 41 контейнері бар алғашқы контейнерлік пойыз ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ жақын арада контейнерлік пойызды кері бағытқа жіберу жоспарланып отыр.

