
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Kazakhstan Global Investment Roundtable екінші халықаралық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты. Шараның басты мақсаты — Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, инвестициялар, экономикалық даму және бәсекеге қабілеттілікті арттыру саласындағы саясатты талқылау.
KGIR-2018-ге әлемнің 40 елінен 550 ірі бизнесмен мен инвесторлар қатысуда (Ұлыбритания, Германия, Франция, Түркия, БАӘ, Катар, ҚХР және т.б.).
Форумда жекешелендіру, агроөнеркәсіп секторын дамыту, цифрландыру, энергетика, машина жасау, инфрақұрылым және логистика секілді экономика салаларына инвестиция салу саясаты талқылануда.
Қазақстан Премьер-Министрі пленарлық отырысты аша отырып, инвестициялық заңнаманы жақсарту шетелдік инвесторларға Қазақстан экономикасына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Street Signs бағдарламасының тең-жүргізушісі Ориэль Моррисон шара модераторы болды. Талқылау барысында Б. Сағынтаев халықаралық компаниялар неліктен Қазақстан экономикасына инвестиция салуы керек екеніне жауап берді.
«Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін және олардың елімізде табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Инвесторларымыз өздерін сенімді сезінуіне мүмкіндік бердік. Еліміздегі инвестициялардың қорғалуына кепілдік береміз. Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай озық дамыған 30 елдің қатарына кіру. Осы мақсатқа жету үшін біз инвесторлармен бірге алға қадам басуымыз керек», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Сондай-ақ, Б. Сағынтаев инвесторларды өңдеу секторына инвестициялар салуға шақырды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын іске асыру жылдарында елімізде шамамен 3 мың жаңа кәсіпорын салынды. Қазірдің өзінде отандық қайта өңдеу өнімдері $15 млрд жеткізіледі.
Әңгімелесу барысында форум қатысушылары инвестициялық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін қарады. Шетелдік инвесторлар Қазақстанда бизнесті жүргізу және ұйымдастыру туралы өз көзқарастарымен бөлісті: қазақстандық жобаларға инвестициялар салу қаншалықты тартымды бола бастағынан айтты.
Сонымен қатар, SUN Group басқарма төрағасының орынбасары Шив Хемка Қазақстанның инвестициялық ахуалының жақсару динамикасы туралы айтып берді.
«Қазір біз жаңа дәуірді көріп отырмыз. Мемлекет басшысын және Қазақстан Үкіметін сәтті даму тарихымен құттықтаймын. Ақмолаға алғаш рет 1996 жылы келдім, ол кезде шағын қала болды. Бүгін мен мүлдем өзгеше Астананы, мүлдем жаңа қаланы көріп тұрмын. Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін жағдайды барынша жеңілдету үшін үлкен күш-жігер жұмсағаны байқалады. Жүйелі өзгерістер мүмкіндіктерін үнемі іздейді, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу әлдеқайда оңтайландырылды. Мемлекеттік органдармен ынтымақтасу айтарлықтай жеңілдеді», — деді Шив Хемка.
Өз кезегінде, «РОТЕК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Лифшиц Қазақстандағы бизнес ахуал өте жағымды және қазақстандық тараппен жұмыс істеу жылдан-жылға өте ыңғайлы болып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстанда 50 жуық біздің турбиналарымыз жұмыс істейді және біз 15% жуығын қамтимыз. Бұл көлемнен соңғы 10 жылда 18 жобаны іске асырдық, бұл біздің инвестицияның салынуына қызығушылығымыздың бар екенін нақтылайды. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеу өте қолайлы және бұл шындық», — деді М. Лифшиц.
UAE International Investors Counsil БАӘ Халықаралық инвесторлар кеңесінің бас хатшысы Жамал Саиф әл-Жарван Қазақстанның инвестициялар тартуға көп көңіл бөліп отырғанын айтты. Елдер екіжақты келісімдерге қол қойды, соның арқасында БАӘ инвесторлары Қазақстанда жұмыс істей алады.
Пленарлық отырыс барысында сонымен қатар Renaissance Capital бас экономисі Чарльз Робертсон, IHS Markit вице-төрағасы Даниэль Ергин және т.б. сөз сөйледі.
Форум сегіз тақырыптық сессия форматында жалғастырылды:
«Әртараптандырылушы экономика үшін жаңа нарықтар құру»,
«Еуразиялық аймақтың логистикалық әлеуеті»,
«Қазақстанда жекешелендіру бағдарламасының тиімділігін арттыру»,
«Қазақстанның энергетикалық әлеуеті – жаңа даму кезеңіне инвестициялар салу»,
«Агроөнеркәсіп: жаңа жібек жолында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету»,
«Астана халықаралық қаржы орталығы — Еуразиялық қаржы нарықтарына шығу»,
«Еуразиялық цифрлық күн тәртібі — Индустрия 4.0 инфрақұрылымын дамыту»,
«Металлургия және тау-кен өнеркәсібінің мүмкіндіктері».
Ақпарат көзі: primeminister.kz






