
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Алматыға жұмыс сапары барысында «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-на («ААМЖЗ» АҚ) барып, кәсіпорынның қызметі мен даму перспективаларымен танысты.
«ААМЖЗ» АҚ - Қазақстанның машина жасау саласындағы жетекші кәсіпорны. Бірегей технологиялары бар зауытта жоғары білікті 480 адам жұмыс істейді. Зауыт шығаратын металл, прокат, болат, аглодоменді, сым және құбыр илемдеу сияқты қондырғылар металлургиялық, атом, мұнай-газ өнеркәсібінде, тау-кен өндіру сияқты салаларда сұранысқа ие. Кәсіпорын өнімдері әлемнің көптеген елдерінде жоғары сапасымен танылған, олардың ішінде Жапония, АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея сияқты жоғары дамыған елдер де бар.
Министр сондай-ақ, «Алматы» индустриялық аймағына барып, жұмыс істеп жатқан және биыл іске қосу жоспарланған жобалармен танысты.
2012 жылы ашылған Индустриялық аймақта бүгінгі таңда жалпы сомасы 26 млрд. теңге болатын 8 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 1 мыңдай жұмыс орны ашылды. Биыл 24 млрд. теңгеге 14 жобаны іске қосып, 1400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Министр автокөліктер өндіретін «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС зауыты құрылысының барысын көрді. Қуаттылығы жылына 45 мың дана көлікті құрайтын зауытта 700-дей жаңа жұмыс орны ашылады. Бір айдың ішінде құрастыру цехын, дайын автокөліктерді сынақтан өткізуге арналған трассаны, қазандық, сорғы сияқты объектілерді қамтамасыз ету нысандарын, сондай-ақ ірі тораптық құрастыру желісінің толық жұмыс істеуіне арналған инфрақұрылымдық желілерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған кешендері биылғы қыркүйекте ашылады.
Одан әрі Министр үлкен диаметрлі болат пісіргіш құбырлар өндіретін зауыт құрылысы «Asia Steel Pipe Corporation» жобасымен танысты. Жобалық қуаттылығы жылына 100 мың тонна құбыр өндіруге жетеді. 304 жұмыс орны ашылады. 2019 жылғы желтоқсанда зауытта техникалық іске қосу шарасы сәтті өткізілді. Қазіргі уақытта объектіні газға қосу жұмыстары атқарылып жатыр. Зауытты 2020 жылғы мамыр айында ашу жоспарланған.
Содан кейін Министр кабель-сымдар өнімдерін шығаратын «КМК Investment» зауытына барды. Кәсіпорын жұмысымен танысып, өндірілген өнім үлгілерін қарады. 2018 жылы ашылған зауытта қазір 75 адам жұмыс істейді. Siemens озық технологияларысмен жабдықталған кәсіпорын халықаралық стандарттарға сай өнім өндіреді.
2020 жылғы 31 қаңтарда Бейбіт Атамқұлов «Нобел АФФ» АҚ-на барып, дәрілік заттар өндіретін отандық компания жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта кәсіпорында 250 фармацевтикалық препаратта 65 дәрінің түрі шығарылады. Компания ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Өз өнімінің 30% ТМД елдерінің нарығына экспорттайды. Еуразиялық экономикалық ықпалдастықтың арқасында экспорт көлемін 50%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда компанияда 300-дан астам маман қызмет етеді.