
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі отандық шикізатты Лондон металдар биржасынан төмен бағамен ұсынуға өтінімдер қабылдай бастады. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидалар әзірленіп, бекітілді.
Төмен баға шикізаттың бес түрі бойынша қарастырылған: мыс LME бағасынан 5%; алюминий LME бағасынан 5%; қорғасын LME бағасынан 2%; алюминий созба сым LME бағасынан 4%; мыс созба сым LME бағасынан 5%.
Өз кезегінде отандық шикізат басым тауарлар тізбесіне енгізілген өнімді өндіруге бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне беріледі. Өтінімді қарау кезінде уәкілетті орган қағидаларға сәйкес сараптама жүргізеді.
Айта кету керек, соңғы жылдары металдардың әлемдік бағасы айтарлықтай өсті, мысалы алюминий бағасының өсімі 78% - ды, мыс 69% - ды, қорғасын 20% - ды құрады.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолжетімді шикізат тауарларымен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған байланысты, Министрлік металлургия өнеркәсібінің ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізіп, саланы дамытудың негізгі тетіктерін анықтады.