Минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу жөнінде меморандумға қол қойылды

Минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу жөнінде меморандумға қол қойылды

2019 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминнің Жамбыл облысына сапары аясында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және «МХК «ЕвроХим» акционерлік қоғамының Бас директоры Игорь Нечаев «Минералдық тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойды. 

Жобаның басты мақсаты Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, жергілікті фосфорит шикізатын қайта өңдейтін  өндірістер құруға, Қазақстан Республикасында экспортты және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Жобаға инвестициялар көлемі шамамен $1 млрд құрайды, зауыттың қуаттылығы — жылына 1 млн тонна тыңайтқыш. Ресурстық базасы Қаратау фосфорлы бассейнінің кен орны болады. Өндіріс технологиясы қоршаған ортаға барынша аз әсер ете отырып, яғни, фосфогипс қалдықтарынсыз жоғары сапалы фосфорлы және кешенді тыңайтқыштар шығаруға мүмкіндік береді. 

Бір мезетте жылына 120 мың тоннаға жуық кальций хлориді мен кемінде 400 мың тонна дигидрат гипсі өндірілетін болады, бұл автожол, мұнай-газ өндіру, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттіліктерін өтейді. 

Кәсіпорынды 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған, 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылатын болады.