Қазақстанда лифт шаруашылығы орталығын құру жоспарлануда

Қазақстанда лифт шаруашылығы орталығын құру жоспарлануда

Корей елінің компаниясы Қазақстанда лифт индустриясы үшін орталық салу жобасын жүзеге асыруға ниетті. Бүгін Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов «Ofe Co., Ltd» компаниясының бас директоры Хам Ён-Чхер мырзамен кездесіп, алдағы уақытта ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқыға салды.

Оңтүстік Корея компаниясы лифт орталығын салу бойынша ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді. Жаңа орталық сатудан кейінгі басқару технологияларының трансферті мәселелерімен, құрылыс жабдықтарына қызмет көрсетумен, қамтамасыз етумен, технологияларды дамытумен, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, зерттеумен және әзірлеумен, оқыту семинарлары мен тренингтер өткізумен айналысатын болады.

Айта кететін жайт, шетелдік компания Алматы облысында лифт өндірумен айналысатын "LGS Elevator" қазақстандық-корей кәсіпорны үшін бөлшектер мен жинақтауыштарды жеткізуші болып табылады. Сондай-ақ, компания өкілдері Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы техникасын шығару бағытында да бірлесе әрекет етуге ниетті екендіктерін де жеткізді.

Компанияның бас директоры Хам Ен-Чхер қазақстандық тарап жобаны қолдаған жағдайда бастаманы іске асыру үшін 7-8 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуге дайын.

Қазіргі уақытта көпқабатты тұрғын үйлерде 24 025 бірлік жеделсаты пайдаланылуда, оның ішінде:

Жолаушыларға арналған - 23 547 бірлік лифт;

жүк-жолаушы-478 бірлік лифт;

( жұмыс жағдайында – 13 863 бірлік лифт; жөндеуді қажет етеді-1 684 бірлік лифт; ауыстыру қажет - 4 478 бірлік лифт.)