Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы аясында 10 жыл ішінде 43 трлн теңгенің өнімі өндірілді

Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы аясында 10 жыл ішінде 43 трлн теңгенің өнімі өндірілді

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр Асқар Мамин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, сондай-ақ, ҚР Парламенті депутаттарының және республиканың орталық мемлекеттік органдары мен кәсіпорындары басшыларының қатысуымен Индустрияландыру күні өтті. Шара барысында дәстүрге сәйкес индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары шығарылып, елдің үздік кәсіпорындары марапатталды.  

Жиын аясында баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов индустрияландыру бағдарламасы бастау алған 2010 жылдан бері қол жеткізілген негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті. Индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру міндетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған болатын. 2019 жыл – индустрияландырудың екінші бесжылдығының соңғы жылы. Осы уақыт аралығында елімізде өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындар 43 трлн теңгенің өнімін өндірген. Саладағы еңбек өнімділігі адам басына шаққанда 35,3 мың АҚШ долларына жетті.   

«Бағдарлама іске асырылған жылдар ішінде еліміздің көптеген өңірлерінде өнімді жұмыспен қамтып, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз еткен жаңа индустриялық база пайда болды. 2019 жылдың қарашасында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1 ай ішінде алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Осы уақыт аралығында саланың негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 4,5 трлн. теңгені құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Alstom, General Electric, Danone, Heidelberg, BASF, Rio Tinto сияқты ірі трансұлттық компаниялар жұмыс істеп жатыр», – деп атап өтті министр. 

2015 жылдан бері отандық кәсіпорындар 70 млрд. АҚШ долларына өңделген өнімді экспорттады, сондай-ақ, инвестиция көлемі шамамен 5 трлн теңгені құрайтын Индустрияландыру картасының 500-ден астам жаңа индустриялық жобасы іске қосылды. Министрдің атап өткендей, Индустрияландыру бағдарламасы өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының дамуына жаңа серпін берді. Осылайша, металлургия саласында өндіріс көлемі 2,2 есеге ұлғайды. Кәсіпорындар базалық металлдарды, жартылай өнімдерді, жартылай фабрикаттар алудан дайын өнімдер өндіруге көшті. Осының нәтижесінде алюминий профильдер, автомобиль дискілері, ферросилиций сияқты экспортқа бағдарланған жаңа тауарлар шығарыла бастады.

«Рельсбелағаш шығаратын зауытты Ақтөбе қаласында іске қосу ТМД елдерінде ұзын өлшемді 120 метрлік теміржол рельстерінің жалғыз өндірісін жолға қоюға мүмкіндік берді. Қарағанды облысында қуаттылығы 11, 9 мың  тонна болатын шахталық жабдық өндірісімен айналысатын машина жасау зауытын жаңғырту жобасы Индустрия 4.0. бағдарламасын енгізудің жарқын үлгілерінің біріне айналды», – деді министр Бейбіт Атамқұлов.

Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында машина жасау саласындағы өнім көлемі 1,2 есеге ұлғайып, саладағы автомобиль өнеркәсібінің үлесі 26% жеткенін алға тартты. Мұнымен қоса, шығарылатын автомобильдер қатары да кеңейтілген. Қазіргі таңда елімізде автокөліктердің 167 үлгісі жиналады. Индустрияландыру бағдарламасы іске асырылған жылдары Қазақстанда тұңғыш рет инфокоммуникациялық жабдық, модемдер, бұрандалы сорғылар, жарықтандыру құрылғылары мен электр қуатын таратқыш аппаратура, орталық ауа баптағыштар өндіріле бастады. Экспортқа бағдарланған тоңазытқыш вагондардың өндірісі жолға қойылды.

 «Біз қуаттылығы 500 мегаваттқа жететін аса қуатты трансформаторлар өндірісін Орталық Азияда алғашқы болып қолға алдық. «Қайнар – АБК» – Индустрияландыру бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша жүзеге асырудың жарқын үлгісі. Біздің аккумуляторлар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Беларусь, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Бенин сияқты әлемнің 9 еліне экспортталады»,  – деді министр.

Бейбіт Атамқұлов атап өткендей, индустрияландырудың екі бесжылдығының қорытындысында еліміздің химиялық өнеркәсіп саласында да жақсы нәтижелерге қол жекізілді. Саладағы өндіріс көлемі 1,7 есеге ұлғайып, 401,1 млрд теңгені құрады. Өндіріс көлемі фармацевтикалық өнеркәсіп саласында 2 есеге, жеңіл өнеркәсіп саласында 1,6 есеге артты.

«Индустрияландыру құзіреттілікті дамытуға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беріп, ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Біз барлық сыртқы экономикалық күйзелістерді жоспарлы түрде еңсеріп, ел дамуының жаңа траекториясын айқындадық. Индустрияландырудың екі кезеңі артта. Қателіктеріміз мен жинаған тәжірибемізді ескеріп, өзіміз таңдаған еңбек өнімділігін арттыруға, өнімдерімізді сыртқы нарықтарға шығаруға бағдарланған бағытымызды жалғастырамыз», – деп қосты министр.  

Сонымен қатар, Индустрияландыру күні аясында жылдағы дәстүрге сәйкес Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанттары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.