
Қарағанды облысындағы "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағына шетелдік инвесторларды тарту бойынша қолдау көрсетіледі. Әсіресе, машина жасау бағытына ерекше назар аударылады. Алға қойылған жоспарларды жүзеге асыру мақсатында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын бірлесіп дамыту туралы келісім жасалды. Маңызды құжат Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі және «Қазақстан машина жасаушылар одағы» арасында жасалды.
Бүгінгі таңда "Сарыарқа" АЭА аумағында 7 кәсіпорын жұмыс істейді және 10 жоба жүзеге асырылуда. Салынған инвестиция көлемі 90 млрд. теңгеден асты. Өндіріс көлемі 78,7 млрд. теңгені құрайды, сондай-ақ 840-тан астам адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген.
Өз кезегінде төрт жақты келісім инвестиция тарту және технологиялар трансферті бойынша бірлескен жұмысты көздейді. Алдағы уақытта инвесторлармен бірлесе тығыз жұмыс істеу, сондай-ақ, жаңа өндіріс ошақтарын ашу жоспарланып отыр.
Айта кететін жайт, қазіргі уақытта біздің еліміздің аумағында салалық бағыттағы 13 АЭА жұмыс істейді. АЭА аумағында барлығы 185 жоба іске қосылған, оның 50-ге жуығы шетелдік тараптың қатысуымен. 142 жоба іске асырылу сатысында. 15,6 мың жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түрінде 167 млрд.теңге қайтарылды. Барлық айтылған сандар инвесторлар үшін пайдалы шарттары бар алаңдар ретінде АЭА-ның қажеттілігін тағы да растайды.



