
2017 жылы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысындағы Сарыарқа АЭА аумағында ескі көліктерді өңдейтін зауыт іске қосылды. Осы бағыт бойынша Орталық Азияда жұмыс істейтін жалғыз кәсіпорын Қазақстанның қайта өңдеу саласындағы ірі жобаларының бірі болып табылады.
Аталмыш жоба экологиялық тұрғыдан зор маңызға ие, заманауи кәсіпорын қалдықтардың пайда болуы нәтижесінде теріс әсердің алдын алуға және азайтуға бағытталған. Кәсіпорын заманауи итальяндық жабдықтармен жабдықталған, ал барлық кешеннің жұмысын ғаламтор арқылы диспетчерлік қызметпен қосылатын компьютерлік жүйе қадағалайды және істен шыққан немесе ақау болған жағдайда оларды жою жөнінде ұсыныстар бере алады.
Қазақстан Республикасында ескі көліктерді қабылдайтын 17 орталық жұмыс істейді, олар көлікті өңдеуге дайындық жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін, жылдам пакеттеу пресінің көмегімен көлік құралы брикетке нығыздалады. Нәтижесінде барлық брикеттелген машиналар жиналатын Қарағандыда көлікті фракцияларға бөлу және сұрыптау жүргізіледі: қара және түсті металдар, пластик және резеңке.
Сандық технологиялардың көмегімен ел экономикасын дамытуды көздейтін «Сандық Қазақстан» бағдарламасы бойынша, еуропалық өндірістің шредерлік комплексі жылына 50 000-ға жуық көлікті кәдеге жаратуға және оларды металл сынығына айналдыруға мүмкіндік береді. Түсті, қара металдардың қалдықтарынан және олардың құймаларынан алынатын өнім аймақтың металлургия өндірістеріне жеткізіледі. Металл қалдықтарын балқыту үшін цехта қуаты жылына 7000 тонна қара және түсті металл балқытатын 4 индукциялы импорттық пеш орнатылған. Сонымен қатар, зауытта металдың сапасын тексеруге, оның құрамында шоғырланған әртүрлі элементтерді анықтауға мүмкіндік беретін жеке аттестатталған өндірістік зертхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, құрылғы басқа да бөлшектерді, яғни, әйнекті, резеңкені бөліп шығарады және пластиктен 2 фракция шығарады.
Зауыт іске қосылғалы бері 92 мың ескі автокөлік кәдеге жаратылды. Сондай-ақ, 62 мың тонна қара және түсті металл алынды.
Зауыт әлеуметтік бастамаларға да ерекше назар аударады. Облыс әкімшілігінің келісімімен технологиялық мамандықтардың студенттері үшін білім беру бағдарламасы іске қосылды, оқушыларға экскурсиялар мен жас мамандарға арналған тағылымдамалар ұйымдастырылды, ең үздіктері өндіріс орнында жұмыспен қамтамасыз етіледі. Дәл қазір кәсіпорында 120 жоғары білікті маман еңбек етеді.
«Recycling Company» кәсіпорны жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығының үздік жаңашыл жобасы болып танылды. «ПАРЫЗ 2018» атты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық байқауының «Экологияға үлес» номинациясы бойынша лауреаты, сонымен қатар, жыл сайынғы аймақтық байқаулардың қорытындысы бойынша, өндірістің өнімдері «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясының жеңімпазы атанды.






