«Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты жобалық қуаты 25 тонна алтынға қол жеткізді

«Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты жобалық қуаты 25 тонна алтынға қол жеткізді

Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустриялық парк – арнайы экономикалық аймақ аумағында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша "Тау-Кен Алтын" аффинаж зауыты бой көтерді. Бүгінде кәсіпорында 70-тен астам адам еңбек етеді. 2014 - 2019 жылдар аралығында аффинаж зауыты ҚР Ұлттық Банкіне 97,0 тонна тазартылған алтын өткізді.

Осы жылдың басты тарихи оқиғасы – зауыт өзінің жобалық қуатына қол жеткізіп, 25 тонна алтынды шығарды. Бұдан бөлек, «Тау-Кен Алтын» Лондон қымбат металдар нарығы қауымдастығының "Good Delivery" сертификатын иеленді.

"Good Delivery" сертификаты алтынның халықаралық талаптарға сай екендігін растап қана қоймай, кәсіпорынның заңды тұрғыда ашық әрі беделді мекеме атауына лайықтығын дәлелдейді. Аталмыш сертификатқа ие бағалы металдар барлық әлемдік нарықтарда саудаға шектеусіз қабылданады. Осылайша инвестиция объектісі ретінде "Тау-Кен Алтын" маркасымен шығарылатын тазартылған алтынның құндылығы айтарлықтай артады.

Зауыт технологиясы бағалы металдарды аффинаждаудың экологиялық таза электрохимиялық әдісіне негізделген және ТМД аумағында теңдесі жоқ. Өндіріс ошағының тағы бір технологиялық артықшылығы ретінде құрамында алтын бар шикізатқа мейлінше жылдам талдау жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи зертхананы атауға болады.

2015 жылы зауыт вакуумды тазарту негізінде алтын, күміс және басқа да металл қоспаларын қышқылсыз бөлу бойынша озық технологиялық желімен жабдықталды. Бұл аффинаждың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік берді.

2016 жылдың соңынан бастап қолданыстағы технологияға алтынды гидрометаллургиялық тұндыру технологиялық жабдығының желісі енгізілді,бұл қайта өңделетін шикізат номенклатурасын, оның ішінде төмен сұрыпты, құрамы көп қоспаларды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Тазартылған күміс бағытындағы да жұмыстар оң нәтижесін көрсетіп, сала алға қадам басуда. Осы бағытта Ресей және Италия елдерімен ынтымақтастық орнатылып, теңдесі жоқ Acidless Separation технологиясы сынақтан өтіп жатыр. Заманауи инновация технологиялық үрдісті айтарлықтай жеделдетуге, оның өзіндік құнын төмендетуге және жалпы өндірістің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

«Тау-Кен Алтынның» негізгі өнімдері - салмағы 12 келі болатын құйма түріндегі тазартылған алтын және 30 келі құйма түріндегі тазартылған күміс. Сонымен қатар, зауыт мамандары салмағы 100, 250, 500, 1000 граммдық инвестициялық құймаларды құюды игеріп, қазақстандық зергерлер сатып алатын тазартылған түйіршіктер өндірісін жолға қойды.

"Тау-Кен Алтын" бүгінгі күні аффинаж өндірісі көшбасшыларының қатарында екендігі баршаға аян. Осылайша, техникалық және технологиялық инновацияларды қолдану, сондай-ақ зауыттың барлық қызметкерлерінің еңбекқорлығы арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді.