Қазақстан мен Түркия жеңіл өнеркәсіп бағытындағы ынтымақтастықты нығайта түспек

Қазақстан мен Түркия жеңіл өнеркәсіп бағытындағы ынтымақтастықты нығайта түспек

Қазақстан мен Түркия жеңіл өнеркәсіп бағытындағы ынтымақтастықты нығайта түспек. Бүгін ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов түрік елінде аяқ киім өндірісінің көшбасшысына айналған Ziylan Holding компаниясының өкілдерімен кездесті.

Әлем бойынша 600 дүкенге ие шетелдік компания жылына 60 млн жұп аяқ киімді сатылымға шығарады. Аталмыш кәсіпорын Қазақстанның өзінде 25 дүкен ашып, 400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осыдан 60 жыл бұрын ашылған өнідіріс ошағының тәжірибесі мол әрі жаңа қадам басып жатқан отандық кәсіпорындарға үйретері де баршылық.

Бүгінде елімізде аяқ киім шығаратын 50-ге жуық кәсіпорын бар. Олар көбіне әскери қызметкерлерге арналған және арнайы жұмыс аяқ-киімдерін шығарады. Ірі өндіріс ошақтары ретінде «Жамал-ай», «Жетісу», «Тараз былғары аяқ киім»,  "Казлегпром-Алматы " және Семей аяқ киім фабрикасын атауға болады.

Алайда отандық аяқ киім өнідірісіндегі көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Айталық, былтыр 1155,3 мың жұп аяқ киім шығарылған. Ал, импорттың көресткіші 34,3 млн. жұп аяқ киімді құрайды. Тауардың басым бөлігі Қытай, Ресей және Түркия елінен жеткізілген.

Отандық тауар өндірушілер үшін елімізге контрафактілік және контрабандалық дайын өнімдердің бақылаусыз жеткізілуі, коммуналдық қызметтердің жоғары тарифтері, жалға берілетін сауда орындарының қымбаттығы және зауыттардағы техниканың жаңартылмауы шетелдік компаниялармен тең дәрежеде жұмыс істеуге кері әсерін тигізіп отыр.

Бұдан басқа, елімізде аяқ киім өнідірісіне қажетті ұсақ-түйек заттар, айталық аяқ киім өндіруге арналған табандар жоқ. Отандық былғары көрсеткіші бар болғаны  15-20% құрайды.

Бүгінгі кездесуде тараптар саладағы түйткілді мәселелерді талқыға салып, бағытты дамыту жолдарын қарастырды. Өз кезегінде түрік компаниясының өкілдері отандық тауар өндірушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, тәжірибе алмасуға ниетті екендіктерін жеткізді. Сол себепті бұл кездесу жаңа жобалардың бастамасы болмақ.