
28 шілде күні Бурабай курорттық аймағындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында жас геологтардың V Қазақстандық ашық далалық олимпиадасының ашылу салтанаты болды.
ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы – Ақбатыр Надырбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары – Қанат Идрисов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты – Галина Баймаханова, Ресей Федерациясының бала-жасөспірімдік геологиялық қозғалысының орталық кеңесінің төрағасы, жер қойнауын пайдалану бойынша Федералды агенттіктің бас маманы – Светлана Яшина, «Мұнайшы-геологтардың Қазақстандық ұйымы» АҚ президенті – Балтабек Қуандықов сөз сөйлеп, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Шараның қонақтары «Жас геолог» Бірлескен Қорына Олимпиаданы ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ олимпиада жастардың кәсіптік бағытына, геология ғылымын зерттеуге оқушылардың қызығушылығын арттыруға, өсіп келе жатқан ұрпаққа геологияны ғылым ретінде дәріптеуге бағытталғаны айтылды.
Олимпиадаға 20 команда қатысып жатыр. Ресей Федерациясынан - 2,– Қырғыз Республикасынан - 2, Өзбекстаннан - 1 команда және Қазақстаннан 15 команда. Ал 2010 жылы І-ші Қазақстандық олимпиадада барлығы 8 команда қатысқан болатын. Атап өтетін жайт, жас геологтардың тек команда саны ғана емес олардың дайындалу деңгейі де өскен.
Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы олимпиадаға қатысу – бұл өзіңнің теориялық және практикалық біліміңді көрсетудің жақсы мүмкіндігі екенін атап өтті. Қатысушылардың ішінен көбі өз өмірін өте романтикалық мамандықтың бірімен байланыстыратынына үміт артты және жақсы көңіл-күй, жарыста сәттілік тіледі.
Олимпиада қатысушыларына геологиялық тілмелер мен карталарды құру, маршруттар салу, минералогия және петрография негіздерінен білім сайыстыру күтіп тұр.
Жас геологтардың V Қазақстандық ашық далалық олимпиадасы 27-шілде мен 3-тамыз аралығында өтеді.




