Каспи теңізінде мультимодальды көлік хабының таныстырылымы өтті

Каспи теңізінде мультимодальды көлік хабының таныстырылымы өтті

2018 жылғы 11 тамызда Мемлекет басшысының қатысуымен мультимодальды көлік хабы - Құрық портының паром кешенінің тұсаукесер рәсімі өтті

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Құрық портын салу жөніндегі жоаның екінші кезеңінің аяқталғаны жайлы хабардар етті. Қуаты жылына 2 миллион тонна жүкті құрайтын автокөлік паром терминалы толығымен іске қосылды.

2016 жылдың желтоқсанында мұнда қуаты 4 миллион тонна болатын теміржол паром терминалы іске қосылған болатын. 2018 жылдың 7 айында осы терминал арқылы 1 миллион тоннадан астам жүк өңделді.

«Бүгінде бұл кешен халықаралық көлік дәліздері желісінің бір бөлігі болып табылады. Еліміздің алдында трансконтиненталды жүк ағындарын дамытудың зор перспективалары ашылуда» , -деп жазды министр өзінің фейсбук парақшасында.  

Телекөпір барысында Елбасымыздың пәрмен беруімен «Қорғас - Шығыс қақпасы» құрғақ портынан шығып, Құрық портымен Транскаспийлік дәліз арқылы Еуропаға бағыт алатын пойыз жолға шықты. Құрық портына бұл контейнерлік пойыз 3 күн ішінде жетеді.

Министрдің айтуынша, бұл логистикалық жүйе Қытай, Кавказ және Оңтүстік Еуропадағы клиенттерге тартымды болмақ. Осылайша, 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы Еуразия нарығына 2 миллион контейнер мөлшерінде транзитті қамтамасыз ету жөніндегі Елбасы тапсырмасы жоспарлы түрде орындалып келеді.