
Жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша штаб құрылды. Ол 2018-2019 жылдар кезеңіндегі жылу беру мауысымына дайындық барысы мен оның тұрақты өтуін бақылайды. Атап айтқанда, коммуналдық-тұрмыстық сектордың, халық пен электр станцияларының көмірмен қамтамасыз етілуін қадағалайды. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр хабарлады.
Штаб құрамына мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың өкілдері мен көмір өндіруші компаниялардың басшылары кіреді.
Р.Скляр хабарлағандай, Энергетика министрлігі күнделікті негізде күзгі-қысқы кезеңнің дайындығы мен өтуін, еліміздің электр станцияларындағы нормативтік отын қорының жинақталуын қадағалайды.
ҚР ИДМ апта сайын көмір өндіруші ұйымдардың көмірді өндіруін, коммуналдық секторларға және халыққа тиеп-жөнелтілуін бақылайды.
Сонымен қатар, ИДМ «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірлесіп апта сайын көмірдің электр станцияларына, коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен халыққа тасымалдануы үшін түскен тапсырысқа сәйкес вагондармен қамтамасыз етілуін қадағалайды.
«Қазір біз көмір өндіруші компаниялардан көмірді отандық коммуналдық секторларға және халыққа жеткізілуін қадағалайтын боламыз. Ол үшін кесте құрылды. Онда көмірді жеткізу, өңірлер бойынша жеткізушілермен көмірдің құны және қажеттіліктері көрсетілген. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша көмір түсіру станциялары мен базаларда жеткілікті көмір қоры бар. Сондықтан, халыққа қыстың алғашқы суығын күтіп отырмай, ертерек қажетті көлемдегі көмірлеріңізді жеткізіп алыңыздар, деген кеңес береміз», - деп атап өтті бірінші вице министр.
Жергілікті атқарушы органдар апта сайын ҚР Инвестициялар және даму министрлігін коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен өңірлердегі халықтың көмірмен қамтамасыз етілуі жөнінде, соңғы тұтынушыға жеткендегі көмірдің сатылу бағасы туралы және жақын 15 күнде қанша көмір жеткізу жоспарланғаны жайында ақпарат беріп отырады.
Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдарда аймақтық штаб құрылады. Оны жылу беру маусымына дайындық барысы мен жақсы өтуіне жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары басқарады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтініштері бойынша 2018-2019 жж. кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен халық үшін жоспарланған көмір қажеттілігін айқындады.
Анықтама.
Ағымдағы жылдың 7 айында 60,0 млн. тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,9% немесе 59,7 млн. тоннаға артық. Елдің электр станцияларына 32,4 млн. тонна көмір тиелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (102,6%) 31,6 млн. тоннаны құрады.
5,44 млн. тонна көмір коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа тиелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (100 млн. Тонна) 5,3 млн. тонна.
Осы кезеңде 15,5 млн. тонна көмір экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 93,4% (16,6 млн. тонна).













