Қазақстанда ағымдағы жылдың 10 айында 9,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Қазақстанда ағымдағы жылдың 10 айында 9,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2019 жылдың 10 айына әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі отырысында мәлімдеді.

"10 айдың қорытындысы бойынша 9,8 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылғы осы кезеңдегі көрсеткішті 100% құрайды. Тұрғын үйді іске қосу пайызы жылдық жоспарға 75,4% құрады. Республика бойынша барлығы 84 580 тұрғын үй тапсырылды", - деп атап өтті министр.

Тұрғын үй көлемінің ұлғаю көрсеткіштері еліміздің 9 өңірінде байқалады. Бұл тізімде Түркістан (130,4%), Қызылорда (117,2%), Ақтөбе (116,7%) Қостанай (115,9%) облыстары және Шымкент қаласы (116,4%) көшбасшы болып табылады.

Алайда, бұған қарамастан, ведомство басшысы тұрғын үйді іске қосу бойынша құрылыс қарқынының кейбір төмендеуі туралы да айтып берді.

"Тұрғын үйді іске қосу қарқынының төмендеуі Жамбыл облысында (96,0%) және Нұр-Сұлтан қаласында (64,2%) байқалады. Жылдық жоспарға (105,0%) қол жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін осы әкімдіктер өз жұмысын жандандыруы қажет. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша Министрлік жетекшілік ететін барлық салалар бойынша НКИ жоспарлы мәндеріне қол жеткізу жоспарланып отыр", - деп атап өтті

Б. Атамқұлов.

Отырыс барысында өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер де атап өтілді.

2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 103,5% құрады, оның ішінде тау-кен өндіру 103,7%, өңдеу 103,3%.

Өнеркәсіп өндірісінің оң көлемі 15 өңірде сақталуда. 2 облыста көрсеткіштер төмендеді: Қызылорда 9,8%-ға (90,2%) және Батыс Қазақстан 7,6% - ға (92,4%).

Тау-кен өндіру секторында түсті және темір кендерін өндіруде қозғалыстар байқалады. Алайда, көмір өндіру көлемінің көрсеткіштері негізгі көмір өндіруші кәсіпорындарда азаюмен байланысты төмендеді.

Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіпте (+3,3%), машина жасау саласында (+18,8%), фармацевтика өнеркәсібінде (+15,2%), жеңіл өнеркәсіпте (+18,9%), сондай-ақ көлік кешені бойынша өсім байқалады, оның нақты көлем индексі 2019 жылдың қаңтар-қазанында 105,6% құрады.