
2017 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және төрт («АрселорМиттал Темиртау» АҚ, «Евразийская группа» ЖШС, «Корпорация Казахмыс» ЖШС, «Казцинк» ЖШС) ірі кәсіпорын арасында импортты тауарларды отандық өніммен алмастырудың тиімділігі мен мүмкіндігін кеңейту үшін отандық кәсіпорын өнімдерінің жаңа түрлерін дамыту туралы үшжақты келісім бекітілді.
Бұл туралы «Субконтракт биржасы – 2018» 2-ші форумында ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев айтты.
Бұл жұмыс тұрақты сұраныс тудыратын, жыл сайын белгілі бір көлемде сатып алынатын және осы кәсіпорындардың технологиялық процесінде қажет тауарлардағы жүйеқұраушы кəсіпорындардың қажеттілігіне бағытталған.
«Биыл осы келісімдерді іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Атап айтқанда, іргелес өндірістерді құру бойынша ірі кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс атқару керек. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы индустриялық саясатты жүзеге асыру мақсатында министрлік «Nadloc» АҚ-мен бірлесе отырып, Қазақстанның ұлттық сегментінде өнеркәсіп кәсіпорындарының бірыңғай тізбесін жасау арқылы кәсіпорындарды паспорттауда. Пилоттық режимде Еуразиялық желінің прототипіне тіркеу үшін Еуразиялық экономикалық кеңеске 100 компанияның бастапқы деректері жіберілді», -деп атап өтті Т.Нұрашев.
Оның айуынша, жақын уақытта қазақстандық сегмент Одаққа ықпалдасуға дайын болады. Яғни, отандық кәсіпорындардың экспортқа бағдарлануын арттырады және үшінші елдерден келетін тауарларды Одақ аясында өндірілген тауарлармен алмастырады.
