
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың екіжақты мәселелерді талқылауға арналған кездесуінде белгілі болды.
Қазақстан мен Беларусь елінің өнеркәсіптік кооперациясында автомобиль және карьерлік техниканы, ауылшаруашылығы техникасы мен лифт жабдығын өндірумен айналысатын 8 бірлескен кәсіпорын бар. Кәсіпорындар Қарағанды, Семей, Қостанай, Көкшетау және Алматы қалаларында орналасқан. Олар өнімнің 45 түрінің өндірісін қамтамасыз етеді.
2020 жылы өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарда. Кеше өткен Қазақстан – Беларусь бизнес форумы аясында бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылды. Құжаттарға сәйкес Қазақстандағы кәсіпорындар белоруссиялық компаниялармен бірігіп, 28 млрд.теңгеге техниканың 5 мыңға тарта бірлігін өндіретін болады. Мәселен, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» 2020 жылы «Беларус» тракторының 1210 бірлігін өндіруді жоспарлап отыр. Бұл –2007 жылдан бергі ең үлкен көрсеткіш. Жалпылай алғанда, өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобалар аясында мыңнан астам жұмыс орны ашылған болатын.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Беларусьтың әскери-техникалық әріптестігі туралы да айтылды. Бүгінгі таңда бірлескен 6 ірі жоба іске асырылуда. Тұтастай алғанда, соңғы үш жылда қару-жарақ пен әскери техниканың өзара жеткізілімі 25 млрд-тан астам теңгені құрады.