Қазақстанда химия өнеркәсібі өнімдерінің өндіріс көлемі өсуде

Қазақстанда химия өнеркәсібі өнімдерінің өндіріс көлемі өсуде

2010 жылдан бастап 2018 жылға дейін химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі ақшалай мәнде 3,2 есе, 104,1 млрд.теңгеден 387,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

Көрсеткіштердің осындай ұлғаюы химия кәсіпорындарын қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа инвестициялық жобаларды енгізу есебінен жүзеге асты.

2010-2018 жылдар аралығында 54 жоба іске асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Айта кету керек, отандық химия өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған маңызды жобалар мыналар:

1. Павлодар облысындағы "Каустик"АҚ қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын "Хлор және каустикалық сода өндіру зауыты";

2. Жамбыл облысындағы "Қазфосфат "ЖШС" «Натрий гексаметафосфатын және басқа тұздарды өндіру";

3. Маңғыстау облысындағы "ҚазАзот "ЖШС" аммиак, азот қышқылы және аммиак селитрасы өндірісін жаңғырту";

4. Жамбыл облысындағы "Talas Investment Company"ЖШС" натрий цианидін өндіру зауыты".

Бұл жобалар біздің елімізде бұрын өндірілмеген химия өнімдерінің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл каустикалық сода, натрий гипохлориді, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімдер: бұл - жуу құралдары, лак-бояу материалдарының, жарылғыш заттардың жаңа түрлері, т. б. агрохимия құралдары.

Химия өнеркәсібінің ең экспортталатын тауарларының қатарына: сары фосфор, хром оксидтері мен хлоридтері, гербицидтер, хром триоксиді, аммоний нитраты, натрий дихроматы, минералды тыңайтқыштар кірді.

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында жұмыс істейді: химия саласындағы 693 кәсіпорын, оның ішінде 10 ірі, 13 орта, 670 ұсақ кәсіпорындар, ал химия саласындағы жұмыспен қамтылғандар саны – 16 мың адамды құрады.