
Жыл сайын, тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда Шахтерлер күні атап өтіледі. Кеншілер күніне арналған кәсіби мереке қарсаңында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде салтанатты іс-шара өтті.
"Шахтер" мамандығы әрдайым әлемдегі ең күрделі және қауіпті мамандықтардың бірі болып қала береді. Дәстүр бойынша, салтанатты жиналыс басталар алдында қатысушылар шахталар мен разрездерде қаза тапқан шахтерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерекелік іс-шараға көмір өнеркәсібін дамытуға ғана емес, тұтастай алғанда ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосқан көмір саласының ардагерлері, сондай-ақ олардың еңбегіне құрмет көрсету және оларға ведомстволық наградаларды тапсыру үшін көмір саласының ерекше көзге түскен қызметкерлері қатысты.
Вице-министрі Тимур Тоқтабаев шахтерлерді құттықтап, оларға мықты денсаулық және кәсіби қызметте табыс тіледі, сондай-ақ "Шахтер даңқы", "Еңбек даңқы", "Кенші даңқы", "Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері", "Шахтерская слава", "Трудовая слава" төсбелгілерін еліміздің "көмір" өңірлерінен көзге түскен Қазақстанның 19 кәсіпорын қызметкерлеріне жеке табыс етті.
Бүгінгі таңда көмір саласы электр энергиясының 70%-н өндіруді, кокс-химия өндірісінің 100%-н жүктеуді қамтамасыз етеді, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады. Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің саны шамамен 35 мың адамды құрайды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындары 2,6 млрд. тоннадан астам көмір өндірді, ал 0,8 млрд.тоннаға жуық көмір басқа елдерге экспортталды. Көмір қоры бойынша Қазақстан бүкіл әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кіреді. Барланған көмір қорының 90% астамы Қазақстанның солтүстік-шығыс және орталық бөлігінде шоғырланған. Жекелеген көмір өндіруші кәсіпорындарда өндіріс пен басқаруды шоғырландырудың жоғары дәрежесіне қол жеткізілді. Тұрақты дамуды және өндіріс көлемінің тиімді өсуін көздейтін өнеркәсіптік-технологиялық саясат жүзеге асырылуда. 2018 жылы елдің көмір өндіруші компаниялары 113,7 млн.тонна көмір өндірді (көмір концентратын есептемегенде), бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артық.
Сонымен қатар, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу үшін 2018 жылдың 23 ақпанында ҚР ИИДМ, көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, ҚР көмір саласы ұйымдарының жұмыс берушілері және оларға қызмет көрсететін ұйымдар арасында 2018-2020 жылдарға үшжақты салалық келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде тоқсан сайын салалық комиссияның отырыстары өткізіледі, онда көмір саласы кәсіпорындарының проблемалық мәселелері, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша компаниялардың оң тәжірибесі, әлеуметтік жобалар, бағдарламалар, кадрлық мәселелер және тағы басқалар қаралады.
Қазір еліміздің көмір өндіру кешені өсу үстінде, оның бәсекеге қабілеттілігі артып келеді, кеншілердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.
