
Бүгінгі күні машина жасау технологиялық тұрғыдан алғанда өнеркәсіптің ең күрделі салаларының бірі болып табылады. Оның дамуы экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қостанай облысына жұмыс сапары аясында жасаған есебінде хабарлады.
"Машина жасауды дамытудың негізгі кезеңі 2010 жылы басталды. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, саланы дамыту бойынша қабылданған келісімдердің тиімділігі аз болды, сатылатын отандық автомобильдердің үлесі 2016 жылы тек 26%-ды құрады. Ынталандырудың жаңа әдістері талап етілді. Осыған байланысты Үкімет ҚҚС бойынша преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен кредит беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау шаралары сияқты саланы ынталандыру жөнінде шаралар қабылдады. Промкооперация бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі уақытта елімізде сатылатын автомобильдердің 57% Қазақстанда өндірілген",-деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр "Қазақстан Республикасында автомобиль жасау мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту" тақырыбындағы кеңес барысында.
Сонымен қатар, елге коммерциялық техника өндірушілер де тартыла бастады. 2005 жылы Қазақстанға келген алғашқы ірі өндіруші КамАЗ болды, содан кейін Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI және басқа да маркалар келді.
2014 жылы электромобильдердің бірінші партиясы, сондай-ақ отандық өндірістің 15 электроавтобусы жол маршруттарына қойылды. Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларына 120 бірлік жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі күні Қазақстанда АКҚ-ң барлық санаттарының өндірісі жүргізілуде. Елімізде 167 автомобиль моделі, оның ішінде 39 жеңіл көлік моделі, 22 әлемдік бренд жиналады.
7 ай ішінде 24 мыңнан астам автомобиль өндірілді, ал автоөндіріс үлесі елдің машина жасау саласының жалпы көлемінде 30%-дан асты. Жыл аяғына қарай 60 мың автомобиль белгісіне қол жеткізу жоспарда бар. Бұдан басқа, Қазақстанда инжинирингтік орталық құру бойынша ауқымды жоба басталды. Оның мақсаты - сала үшін жоғары білікті кәсіби мамандарды даярлау.
Өңдеуші өнеркәсіпті қолдаудың жалпы шараларынан басқа, жеңілдетілген автокредит беру және жеңілдікті лизинг бағдарламалары өзін жақсы жағынан көрсетті, оның шеңберінде 4 жыл ішінде 50 млрд.теңге бөлінді. Револьверлік игеруді есепке ала отырып бүгінгі күні 77,4 млрд.теңгеге 15 879 бірлік көлік құралы (15 055 бірлік– кредитке, 824–лизингке) іске асырылды. Өткен жылдан бастап қазақстандық өндірістің автобустарын лизингке өткізу бағдарламасы жұмыс істейді. Республикалық бюджеттен 33,5 млрд.теңге бөлінді, бүгінгі таңда 1 350 автобус жеткізіп беру қаржыландырылды.