
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыруға кірісті.
ҚР ИИДМ Президенттің тапсырмасы бойынша арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) мен олардың басқарушы компанияларының тиімділігіне талдау жүргізіп, жол картасын, сондай-ақ тиісті заңнамаға енгізілетін түзетулер топтамасын әзірледі.
Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде инвестициялар көлеміне, салық түрлеріне және шығарылатын өнімнің күрделілігіне қарай жеңілдіктер мерзімдерін саралауды енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ, АЭА қатысушыларына шарт мерзімі аяқталғаннан кейін жер учаскесін сатып алуға мүмкіндік беру (өзіне алған барлық міндеттемелерді орындаған жағдайда), жұмылдырылған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлі мен жауапкершілігін күшейту, басым бағыттарды айқындау тәсілдерін қайта қарау (өңдеуден басқасының бәрін алып тастау) қарастырылады. Бұл бастамалар барлық келісу рәсімдерінен кейін Үкіметке енгізіледі.
Басқарушы компаниялардың кадрлық құрамын нығайту үшін Министрлік инвестициялық офицер лауазымын енгізуді, директорлар кеңестерінің құрамына "KAZAKH INVEST "ҰК" АҚ өңірлік өкілдерін және инвестициялар тарту саласында тәжірибесі бар Тәуелсіз директорларды қосуды, сондай-ақ қызметі табысты шетелдік АЭА-да мамандардың біліктілігін арттыру курстарын және тағылымдамаларын ұйымдастыруды ұсынады.
"Бұдан басқа, басқарушы компаниялар тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін қайта қарауды жоспарлап отырмыз", - деді ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, Президент ҚР ИИДМ-ге сәуір айының соңына дейін тау-кен металлургия кәсіпорындарымен бірлесіп жаңа өңдеу өндірістерін құруды ынталандыру бойынша қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды.
Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Мамыр айында Министрлік жаңа өңдеу өндірістерін құруды ынталандыру бойынша нақты шаралар кешенін Үкімет қарауына енгізеді.
"Негізгі металдарға әлемдік сұраныс артып келеді. Елімізде бүгінгі таңда экспортқа бағдарланған глинозем және мыс концентраты бойынша үлкен шикізат әлеуеті бар. Қазір біз ел ішінде шығарылатын барлық глинозем мен мыс концентратын қайта өңдейтін жаңа электролиз және мыс балқыту зауытын ашу мәселесін пысықтап жатырмыз", - деп хабарлады министр.
Бұл бастапқы металдар өндірісі көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ орта және ұзақ мерзімді перспективада отандық қайта өңдеушілерді қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Министрлік алюминий радиаторларын, профильдерді, автомобиль дискілерін, аккумуляторлар мен азық-түлік банкаларын өндіру сияқты жаңа бағыттармен айналысатын 12 кәсіпорынды терең қайта өңдеу тауарларын өндіру бойынша негізгі жобалардың қатарына қосқанын айта кету керек.