Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік жинау туралы барлық келісімдер қайта қаралады - ҚР ИИДМ

Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік жинау туралы барлық келісімдер қайта қаралады - ҚР ИИДМ

Өзгерістер автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру кезінде жергіліктендіру деңгейін ұлғайтуға, сондай-ақ автокомпоненттер шығаратын кәсіпорындар ашуға бағытталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазіргі уақытта отандық кәсіпорындардың автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасы өндірістерін жергіліктендіру туралы уағдаластықтарды орындауына қатысты тексеріс жүргізуде. Сарапшылар Алматы, Қостанай және Орал қалаларындағы 3 зауытты аралады.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау үшін біз жұмыс комиссиясын құрдық. Оған мемлекеттік органдардың, Парламенттің, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ өкілдері мен блогерлер кірді. Көшпелі тексерулерді осы айдың соңына дейін аяқтаймыз. Оған қоса автоөндірушілердің алаңдарында Ашық есік күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бастама Қостанай мен Алматыда қолдау тапты", - деді министр.

Бұл шара өндірістерді жергіліктендіру туралы уағдаластықтарды орындауға қатысты кәсіпорындардағы нақты жағдайды көруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Қайырбек Өскенбаев Министрлік шағын торапты құрастыру және компоненттерді (айналардың корпустары, бамперлер, доңғалақ дискілері, шиналар және т.б.) өндіру бойынша міндеттемелерге баса назар аудару үшін өнеркәсіптік жинау туралы барлық келісімге талдау жүргізетінін хабарлады. Басқаша айтқанда, преференцияларды алушы зауыттарға жиналатын техниканы Қазақстанда шығарылған бөлшектермен құрастыруды міндеттейді. Ол үшін жаңа өндірістер құру, мүмкін тәжірибелі шетелдік компаниялардың қатысуымен пысықтау қажет болады.

"Жергіліктендіру деңгейін арттыру үшін ҚР ИИДМ автокомпоненттерді өндіру бойынша қадамдық іс-қимыл жоспарын жасады. Сондай-ақ, бірлескен өндіріс құру және инвестициялар тарту үшін сертификатталған жеткізушілерді тарту мәселесін пысықтап жатырмыз. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша Үкіметке осы жылдың мамыр айына дейін тиісті ақпарат енгізіледі", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.