
ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2022-2025 жылдарға арналған инфляцияға қарсы бағытталған шаралар кешені туралы баяндады.
Атап айтқанда, инфляцияға қарсы бағытталған шаралар кешені шеңберінде Министрлік энергия өндіруші ұйымдарды көмірмен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуді және импортты алмастыратын жаңа жобаларды іске асыруды көздеп отыр.
2021 жылдың қорытындысында елімізде шамамен 110 млн.тонна көмір өндірілді. Оның ішінде жыл сайын 60 млн.тоннасы энергия өндіруші ұйымдарға, 6 млн. тоннаға жуығы өнеркәсіптік кәсіпорындарға және 10 млн. тоннадан астамы коммуналдық тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтіледі.
Қазір барлық өңірлер коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін көмірмен қамтамасыз етілген. Көлемі жеткілікті. Бағасы тұрақты.
Энергетикалық секторға көмірді негізінен бес ірі компания жөнелтеді. Атап айтқанда:
1) "Богатырь Көмір" ЖШС тиеу көлемі 34,5 млн. тоннаны құрайды. Жалпы көлемдегі үлесі - 58%;
2) "Восточный" разрезі (ERG) тиеп-жөнелту көлемі - 13 млн. тонна. Үлесі - 22%;
3) "Қазақмыс Коал" ЖШС тиеу көлемі - 7 млн. тонна. Жалпы көлемдегі үлесі - 12%;
4) "Қаражыра" АҚ-ның тиеп-жөнелту көлемі - 3,3 млн. тонна. Үлесі - 5%. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның тиеп-жөнелту көлемі - 2 млн. тонна.
Өндірілетін электр энергиясының өзіндік құнындағы көмір шығындарының үлесі - 18%.
Көмір өндіруші кәсіпорындармен энергетикалық сектор үшін бағаны ұстап тұру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осындай шаралар темір жол тасымалдарының бағасын ұстап тұруға қатысты да жүргізіледі.
Бұдан басқа, кешенді жоспар шеңберінде жеңіл және жиһаз өнеркәсібі кәсіпорындарының тоқтап тұрған және жұмыс істеп тұрған қуаттарын жүктеу бойынша талдау жасау көзделген.
Құрылыс саласы бойынша негізгі импортталатын тауарлар тізбесі талданып, 2025 жылға дейін іске асырылатын жаңа жобалар тізбесі жасалды.
Осыған орай, жалпы инвестиция көлемі 986 млрд теңге болатын 146 жаңа жоба анықталды. Оның ішінде 35 жоба (600 млрд теңге/) керамикалық және қасбеттік плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, ЛДСП, санфаянс және ішкі есіктер сияқты тауарлар бойынша импортты алмастыруға бағытталған.
Аталған жобаларды іске асыру арқылы құрылыс материалдарының 10 түрі бойынша импортқа тәуелділік 700 млн. АҚШ долларға азаяды. Сондай-ақ, көрсетілген тауарлар бойынша ішкі қажеттіліктерді толық жабады.
Өңдеу өнеркәсібінің өзге салаларында да осындай жұмыстар жүргізіледі.