
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі "Қазақмыс" компаниясының ұжымын Қазақстанның алғашқы мысының қорытылғанына 90 жыл толуымен құттықтайды.
Бұл оқиға 1928 жылы 19 қазанда Қарсақбай металлургиялық зауытында басталған еді.
Еңбек ұжымына зор денсаулық, береке, еңбекте табыс және компанияның болашақта гүлденуін тілейміз.
Мерейтойлық датаны кең көлемде атап өту шарасы 14 қыркүйек күні, Қарағанды облысының Қарсақбай кентінде өтті. Осы күні Құрметті металлург Қадыр Мәткеновтың бюстінің, қалпына келтірілгеннен кейін Қаныш Сәтбаев мұражай-үйінің ашылу салтанаты өтті. Мерекелік бағдарламада сондай-ақ естелік шойынды балқыту, ардагерлер мен өндіріс озаттарын марапаттау, спорттық сайыстар, мерекелік концерт өтті.
Бүгінде зауыттың негізгі қызметі - «Kazakhmys Holding» ЖШС кәсіпорындарына қажетті шойын өнімдерін құю. Кәсіпорын компанияның зауыт, фабрикаларында және кеніштерде қолданылатын құрал-жабдықтарға арналған құрамдас бөлшектер түріндегі 80 ге жуық тауарлы өнім шығарады. Зауытта 200 ден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорын кент тұрғындары мен мекемелерді сумен, жылумен, көмірмен және электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Анықтама: Қарсақбай зауытының құрылысы 1913 жылы басталды. Алайда, бірінші дүниежүзілік және азаматтық соғыстардың салдарынан қирап, тоқтап қалды. Зауыт 1928 жылы ашылып, Қазақстан өнеркәсібінің тарихына мыс өндірісінің негізін қалаушы кәсіпорын ретінде енді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында зауытта әскери материалдар шығаратын қосымша цех ашылды. Қарсақбай мыс қорыту зауыты 1975 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыс істеді. Сол жылы Түсті металлургия министрлігінің шешімімен жұмысы тоқтап қалған мыс қорыту зауытының орнына Қарсақбай металлургиялық зауыты іске қосылды. 1997 жылдан бастап кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясының құрамына енді.
Фото ашық ақпарат көзінен