
Қызылордада «Шалқия цинк» АҚ тау-кен байыту комбинатының іргетасы қаланды. «Шалқияда» қорғасын-мырыш өндіріп, тау-кен байыту комбинатын салу жобасы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында іске асырылып жатыр. Толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жылына 4 миллион тоннаға дейін кен өндірілетін болады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары А.С. Айдарбаев облысқа жұмыс барысы аясында Қызылорда облысының әкімі Қ.Е. Көшербаевпен бірге «Шалқия» кен орнындағы кен байыту комбинатының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сонымен бірге, Қызылорда облысы әкімдігі, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ және «Доберсек» неміс компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
2016 жылдың мамыр айынан бастап кен орнында кен байыту комбинатының құрылысына дайындық жұмыстары басталған болатын. Жоба құны - 650 миллион АҚШ доллары. Кәсіпорында құрылыс кезеңінде 1 мыңға жуық, ал іске қосылғаннан кейін 1500 астам жаңа жұмыс орны құрылады. Кәсіпорын кенді вертикальды-конвейерлік әдіспен байыту және өндіру бойынша инновациялық әдісті қолданады. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкімен қаржыландырылады. Атап өту қажет, ағымдағы жылы 2 қазанда Лондон қаласында «Тау-Кен Самрұқ» АҚ және «Доберсек» неміс компаниясы арасында «Шалқия» кен орнында кен байыту компаниясының құрылысын жүргізу туралы ЕРС-келісімге қол қойылды. Шалқия – JORC классификациясы бойынша әлемде қор мүмкіндігі бойынша 5 орын алатындығы дәлелденген және мырыш қоры 6,5 миллион тоннаны құрайтын қорғасын-мырышты кен орны болып табылады. Сонымен қатар, BrookHunt зерттеу компаниясының мәліметі бойынша Шалқия кен орнындағы мырыш қоры Қазақстан Республикасындағы барлық мырыш қорының 30 пайызы. Аталған кен орнын игеру мырыш нарығында ірі компаниялардың бірі болуға және үлкен көлемде қорғасын өндіруге мүмкіндік береді.