Көмір саласы кәсіпорындарында еңбекақы 15%-ке дейін көтеріледі

Көмір саласы кәсіпорындарында еңбекақы 15%-ке дейін көтеріледі

2018 жылдың 20 желтоқсанында "Думан" қонақ үй кешенінің "Дипломат" мәжіліс залында ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қанат Баитовтың төрағалығымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, көмір саласының Жұмыс берушілері және оларға қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс берушілері арасында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның отырысы өтті.

Онда алдымен салалық комиссияның 2018 жылғы жұмысы туралы есебі тыңдалды. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекске сәйкес, көмір саласы мәселелерінің ИДМ-ге берілуіне байланысты отырысқа қатысушылардың  шешімімен салалық комиссияның үйлестірушісі ретінде Қанат Баитов сайланды.

Отырыста көмір саласы кәсіпорындарындағы жалақыны көтеру мәселелері қозғалды. Көмір өндіруші компаниялар өкілдерінің ақпараты бойынша, 2019 жылдың қаңтарынан бастап барлық кәсіпорындарда жалақы 8-15% өседі, деп күтілуде. Сонымен қатар, министрлік, көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, көмір саласы ұйымдарының жұмыс берушілері және 2018-2020 жылдарға қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс берушілері арасындағы салалық келісімінің 3.28. тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының құқықтық актілерімен белгіленген жыл басында жұмысшыларға-Кәсіподақ мүшелеріне еңбекақыларға қатысты инфляция деңгейінде тұрақты индексация жүргізіліп отырады.

Көмір саласындағы ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құру мәселесі де қаралды. Сондай-ақ, АММ-2019 аясында Қазақстан көміршілері форумын өткізу мәселесі талқыланды.

Фото ашық ақпарат көзінен