EuroChem жобасы бойынша Қазақстан-Ресей келісімі Парламент Мәжілісіне ратификациялауға енгізілді

EuroChem жобасы бойынша Қазақстан-Ресей келісімі Парламент Мәжілісіне ратификациялауға енгізілді

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "Минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісімін ратификациялау туралы заң жобасын ұсынды.

Жобаны Жамбыл облысында EuroChem Group трансұлттық компаниясының ресейлік еншілес кәсіпорны жүзеге асыруда.

Келісім ҚР ИИДМ мен РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігінің өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде әзірленді. Ол толық өндірістік циклі бар (фосфат шикізатын өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнім - минералдық тыңайтқыштар мен ілеспе индустриялық өнімдер шығаруға дейін) инновациялық химия кешенін салу және одан әрі пайдалану үшін қажетті инвестициялық, сондай-ақ нормативтік-құқықтық жағдайлар жасауды көздейді.

Жобаны іске асыру өндірістік қуаты жылына кемінде 1 млн тонна болатын, инновациялық қалдықсыз технологиямен минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді. Зауыт құрылысы Жаңатас және Қаратау моноқалаларын жедел дамытуға ықпал етеді. Өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады, атап айтқанда құрылыс кезінде 2 мыңға дейін және пайдалану кезінде кемінде 1 200 жаңа жұмыс орны құрылады. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемі 200 млрд теңгеге асады. Жоба минералды тыңайтқыштар импортын алмастырып, экспорт көлемін арттырады.

Сонымен қатар, сарапшылардың есептеуінше, жобаны іске асыру бес жыл ішінде еліміздің ЖІӨ-ін 2,2 млрд АҚШ долларына арттырады. 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 40 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы аударылады (5,2 млрд теңге немесе 24 млн АҚШ доллары төленді).

Қазақстан өз тарапынан инвесторларға корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан, мүлікке, жерге салынатын салықтан босатуға кепілдік береді. Бұдан басқа, Келісімде айналма автожол, темір жол инфрақұрылымын салу және қайта жаңарту шығындарын өтеу және компанияның магистральдық темір жол желісі, локомотивтік тартым қызметтерін төлеуге жұмсалған шығындарының 50% - ын субсидиялау көзделген.

Анықтама:

Жобаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады.

I кезең өндірістік қуаты жылына 660 мың тонна фосфорит кенін және 640 мың фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешенін пайдалануға енгізумен аяқталды. 550 жаңа жұмыс орны құрылды. I кезең құны - 126 млн. АҚШ.

II кезең: жылдық қуаты 1 млн тонна минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіру жөніндегі инновациялық химия кешенін салу. Құрылысқа дайындықты ЕвроХим компаниялар тобы жүргізуде. Озық қаржыландыру аясында қазірдің өзінде 138,7 млн АҚШ доллары инвестицияланды. II кезеңнің нақты құны жобалау аяқталғаннан кейін нақтыланады.

"EuroChem Group AG" - әлемдегі ең ірі тыңайтқыш өндірушілердің бірі, әлемдегі ТОП-10 және Еуропадағы ТОП-3 кіреді. Холдингтің Ресейде, Бельгияда және Литвада 8 химия зауыты, РФ-да 3 өндіру алаңы және ҚР Жамбыл облысында тау-кен кешені бар.  Тыңайтқыштарды сату бойынша дистрибьюторлық желі әлемнің 100-ден астам елінде жұмыс істейді.