
Бүгін Елбасының қатысуымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабарлады.
Министрдің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп 4,1%-ға өсті. Бұл тау-кен секторының 4,6%-ға және өңдеуші өнеркәсіптің 4%-ға озық қарқынмен өсуі есебінен орындалды. Негізгі драйверлер – машина жасау (өсім 14,1%), химия өнеркәсібі (8,1%), мұнай өңдеу (8,1%), жеңіл өнеркәсіп (4,4%) және мұнай мен газ өндіру (4,8%) салалары.
Ж.Қасымбек атап өткендей, өнеркәсіп саласы бойынша өңірлер арасында Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласы көш бастап келеді.
2018-ші жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 14,7 мыңға жетті. Жалпы алғанда өнеркәсіп бойынша еңбек өнімділігі 3,5%-ға, негізгі капиталдағы инвестициялар 27%-ға өсті.
Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 2010 жылдан бастап жалпы құны 7,9 трлн. теңге болатын 1 250-ден астам жоба іске қосылып, 120 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал, 2018-ші жылы құны 1,3 трлн. теңге болатын 100 жоба іске қосылып, 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
2019 жылы жалпы сомасы 1,1 трлн. теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар бойынша 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.