Еліміздің көмір өндіруші компаниялары 2021 жылдың 8 айында 69,2 млн. тонна көмір өндірді

Еліміздің көмір өндіруші компаниялары 2021 жылдың 8 айында 69,2 млн. тонна көмір өндірді

2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша еліміздің көмір өндіруші компаниялары 69,2 млн. тонна көмір өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1% - ға артық. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов хабарлады.

Оның айтуынша, бүгінде энергия өндіруші кәсіпорындарға 39,1 млн.тонна көмір тиелген, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4% - ға артық. Өнеркәсіп кәсіпорындарына 4,2 млн. тонна көмір жөнелтілді, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 5,0 млн.тонна көмір тиелді. Ал, көмір экспорты шамамен 19,4 млн. тоннаны құрады.

Сондай-ақ, спикер Министрліктің 2021-2022 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындар үшін көмір өнімдеріне қажеттілік жоспарын қалыптастырғанын айтты. Мәселен, 2021 жылғы мамырдан бастап 2022 жылғы сәуірге дейін тұтыну көлемі шамамен 9,2 млн.тоннаны құрайды, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға-шамамен 2,8 млн. тонна, ал халыққа – 6,4 млн. тонна.

"Министрлік апта сайын халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізеді. Бүгінде тұтынудың жалпы 9,2 млн.тонна көлемінен әкімдіктермен 7,2 млн. тонна көмір жеткізілді, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 2,6 млн. тонна және халыққа – 4,6 млн. тонна", - деп атап өтті Жанат Игісінов.

Айта кету керек, жылыту маусымында халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша жұмыс Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болады.