Қазақстандық мектептерге отандық автоқұрастыру кәсіпорындары 515 автобус жеткізеді

Қазақстандық мектептерге отандық автоқұрастыру кәсіпорындары 515 автобус жеткізеді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкіметке балаларды тасымалдауға арналған автобустармен орта және мамандандырылған мектеп-интернаттарды қамтамасыз ету жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы туралы хабарлады.

Жол картасы аясында биыл қазақстандық мектептерге 515 мамандандырылған автобус: 20 орындықты 347 автобус және 40 орындықты 168 автобус беріледі.

Мектептерді автобустармен қамтамасыз етуге үш отандық автоқұрастыру кәсіпорны тартылды: «QazTechna» ЖШС (Саран қ.) YUTONG (20 отыратын орын) 287 автобусын, «DaewooBusKazakhstan» ЖШС (Семей қ.) - 60 ПАЗ автобусын (20 отыратын орын), «HyundaiTransAuto» ЖШС (Алматы қ.) - Golden Dragon (40 отыратын орын) 168 автобусын жеткізеді.

Балаларды, оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көлікке жоғары техникалық талаптар қойылады.

Барлық автобустар жүйелер мен агрегаттардың қауіпсіздігін интеллектуалды автоматты тексерумен, балаларды салонда қалдыруды болдырмау жүйесімен, екі қауіпсіздік белдігі бар балалар орындықтарымен, салонның артқы жағында бір рет ашылатын авариялық шығумен, санитариялық-эпидемиологиялық қондырғымен жабдықталған.

Автобустарды лизингке сатып алу үшін өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 22 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне жүктемені төмендету үшін автобустарды сатып алу лизингтік қаржыландыру шарттарына өзгерістер енгізілді: аванстық төлем алынып тасталды.

Министр отандық өндірушілер оқу жылының басында еліміздің барлық өңірлеріне қажетті мөлшерде мектеп автобустарын жеткізуді қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі