ЕАЭО-мен көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы

ЕАЭО-мен көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын дамыту және қызметтердің бірыңғай нарығының негіздерін құру туралы айтып берді.

Бірыңғай көлік кеңістігін және көлік қызметтерінің ортақ нарығын қалыптастыру мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі - ТҚХО іс-шаралар жоспары) әзірленді. Жоспар көліктің: әуе, су, теміржол және автомобиль сияқты барлық түрлерін қамтиды. Оған 2021 жылдың соңына дейін қол қою жоспарланып отыр.

Азаматтық авиация

ЕАЭО-ға мүше елдердің әуе кеңістігі арқылы кедергісіз ұшып өтуді енгізу, ЕАЭО-ға мүше елдердің әуе кеңістігін кесіп өту кезінде қосымша төлемдердің болмауы, Одақ ішінде тұрақты халықаралық әуе қатынастарын орындайтын өз пайдаланушылары және ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің әуе кемелерін пайдаланушылар үшін аэронавигациялық және әуежай қызметтерін көрсету үшін алымдардың Бірыңғай тарифтік мөлшерлемелері қаралады.

Теңіз көлігі

Ақтау және Құрық теңіз өткізу пункттерінде Еуразиялық одаққа қатысушы мемлекеттердің өткізу пункттерінің ұқсас жүйелерімен кеңіннен интеграциялау үшін электрондық құжат айналымы жүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл шаралар теңіз қатынасында жүктерді тасымалдау кезінде көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

2020 жылғы 17 қарашада Ресейдің ішкі су жолдары арқылы Каспий теңізі порттарынан Қара және Жерорта теңіздерінің порттарына транзиттік өту тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік беретін кеме қатынасы туралы келісім ратификацияланды. Атап айтқанда, өтінімді қарау мерзімі 6 айдан 10 күнге дейін қысқартылды.

Автомобиль көлігі

Автомобильмен жасалатын транзиттік жүк тасымалдарының рұқсатсыз жүйесін енгізгеннен кейін Қазақстанның автотасымалдаушылары ЕуроОдақ елдері бағытында Беларусь аумағымен кедергісіз транзитпен өте алады (бұрын Беларусь тарапы өз аумағымен транзиттік тасымалдарға квота беретін). Нәтижесінде отандық тасымалдаушылар халықаралық көлік қызметтері нарығындағы үлесін ұлғайтты.

Теміржол көлігі

Ресей және Беларусьпен әріптестікте Бірлескен көлік-логистикалық компания (БКЛК) құрылды. Альянстың арқасында Қытайдан Еуропаға контейнерлер жеткізу уақыты 12-15 күнді құрайды. Ал контейнерлік тасымал көлемі соңғы 5 жылда 15 есе өсті.

2020 жылдың қорытындысында "Бірлескен көлік-логистикалық компания - Еуразиялық теміржол альянсы" АҚ кодтары бойынша 511,8 мың ЖФЭ тасымалданды. 2019 жылмен салыстырғанда 64% артты (2019 ж. - 312,2 мың ЖФЭ). 2021 жылғы қаңтар-наурызда 147 мың ЖФЭ немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50% көп тасымалданды.

Биыл барлық Еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттар тізбесін бекіту жоспарланып отыр. Бұл тасымалдаушыларға жүк тасымалдаудың оңтайлы бағытын айқындауға мүмкіндік береді.

ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін құру

ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесі (ЭТОК) шеңберінде қолданыстағы немесе әзірленіп жатқан коммерциялық және мемлекеттік платформаларды барынша пайдалану жоспарланып отыр. Оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден органдарының жүйелері мен көлік кешендерінің мемлекеттік платформалары бар.

ЭТОК енгізілгеннен кейін: көліктік-логистикалық операцияларды қағазсыз сүйемелдеу және тасымалдаушылардан әкімшілік жүктеменің үлкен үлесін алып тастайтын деректерді талдауға негізделген толассыз біріктірілген бақылау жүйесіне толық көшу көзделген.

ЭТОК басым қызметтер тізбесіне жол бойындағы сервисті брондау, электрондық тауар-көлік жүкқұжаттары, жол парақтары, жолдардың цифрлық дерекқоры, өткізу пункттерінде кезекті брондау және т.б. сияқты қызметтер кірді.

Бұл тізбе ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұсыныстарымен жаңартылып тұрады.

ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін дамыту - ЕАЭО цифрлық күн тәртібінің басым бағыттарының бірі.

Өнеркәсіп

2021 жылғы сәуірде ЕАЭО-ға мүше елдердің үкімет басшылары 2025 жылға дейін Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қол қойды. Ол ЕАЭО елдерімен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Құжатта көзделген міндеттерді іске асыру 2016-2020 жылдарға Одақтың өңдеу өнеркәсібіндегі кооперациялық жеткізілімдерді 1,5 еседен аса ұлғайтуға мүмкіндік берді. Химия, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, автомобиль жасау, электротехника салаларында ынтымақтастық пен бірлескен өндірістік кәсіпорындар құру белсенді дамыды.

Құрылыс

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО құрылыс қызметтерінің бірыңғай нарығын құру жоспарланып отыр. Соның шеңберінде ЕАЭО-ға қатысушы елдер құрылыс саласындағы жетекші техникалық маманның кәсіби біліктілігін өзара мойындайды.

Осылайша, Одаққа қатысушы елдер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі инвестициялық ахуалды жоспарлы түрде жақсартып, бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.