Қазақстандық компаниялар Ташкенттегі ИННОПРОМ көрмесіне қатысты

Қазақстандық компаниялар Ташкенттегі ИННОПРОМ көрмесіне қатысты

Ташкентте "ИННОПРОМ: Өзбекстандағы үлкен өнеркәсіптік апта" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтуде.

Көрме мен іскерлік бағдарламаға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Франция, Германия, Чехия, Жапония, Италия, Корея, Беларусиядан келген 300-ден астам өнеркәсіптік компаниялар мен бизнес-делегациялар қатысуда. Көрменің басты бөлімдері: көліктік және энергетикалық машина жасау, IT, медтехника және фармацевтика, металлургия.

Қазақстан Иннопром аясында энергия үнемдеу технологиялары, көлік, машина жасау, металлургия, химия, өнеркәсіп, медицина саласындағы әзірлемелерді ұсынды. Ұлттық стендтің қатысушылары "KazakhExport "ЭСК" АҚ, "СарыарқаАвтоПром" ЖШС, "Hyundai Kazakhstan" ЖШС, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ, "Химфарм" АҚ, "Alageum Electric" АҚ, "Қайнар-АКБ" ЖШС, "МегаСмарт" ЖШС, "MED365"ЖШС болды.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр басқарды. Делегацияға Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция вице-министрлері, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы М.Пішембаев қатысты.

Форум аясында қазақстандық делегация басшылығы Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Сардор Өмірзақовпен, Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі Дмитрий Мантуровпен келіссөздер жүргізіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады.