ЕАЭО шеңберінде бағалы металдармен және тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы

ЕАЭО шеңберінде бағалы металдармен және тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы"заң жобасын ҚР Парламенті Сенатының қарауына ұсынды.

Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылықтарын құруға, ЕАЭО шеңберінде бағалы металдар мен тастардың еркін айналымы үшін жағдайлар жасауға, сондай-ақ осы салада тиімді шаралар әзірлеу үшін өзара іс-қимыл жасауға бағдарланған өзара тиімді сауда-экономикалық тетіктерді қалыптастыруға бағытталған.

Келісім 18 баптан тұрады. Және:

- бағалы металдармен, өңделмеген асыл тастармен мәмілелерді жүзеге асыруды;

- Кимберли процесі талаптарына сәйкес мүше мемлекеттер арасында өңделмеген табиғи алмастардың орын ауыстыруын;

- мәмілелер жасау және асыл тастардың сыныптамалық және құндық сипаттамаларын анықтауды;

- заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердегі сынықтар мен қалдықтарды жинау және міндетті есепке алуды;

- ЕАЭО-ға әкелінген немесе өндірілген зергерлік және басқа да бұйымдарды сынамалау, талдау және таңбалауды;

- заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер және уәкілетті органдар арасындағы сынамалық таңбалар бедерлерінің үлгілері туралы ақпарат алмасуды;

- бағалы металдар мен асыл тастардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік шараларын қолдануды қарастырады.

Келісімде зергерлік бұйымдармен өзара саудада ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сынамалық таңбаларын өзара тану бекітіледі. Егер зергерлік бұйым Қазақстан аумағында дайындалса және сынақтан өткізілсе, ол бұйымды Одаққа қатысушы елдерде өткізу кезінде қайта сынамалаудың қажеті болмайды.

Сондай-ақ, Келісім ұлттық және мемлекетаралық сапа стандарттары талаптарын мойындайды және қатысушы мемлекеттердің өндірілетін алтынды сатып алудағы басым құқығын бекітеді.

Жалпы, Келісімнің нормалары ЕАЭО елдері аумағында бағалы металдармен және тастармен операциялардың толық есебін жүргізуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресуге мүмкіндік береді.

ЕАЭО шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімге Одаққа қатысушы елдер 2019 жылғы 22 қарашада Мәскеуде қол қойды.

Бүгінгі таңда Келісімнің күшіне ену рәсімдерін Беларусь және Ресей аяқтады. Армения мен Қырғызстан Парламентінде жоба қаралып жатыр.

Вице-министр А.Ержанов сенаторлардың Қазақстандағы алтын өндірісі мен айналымы туралы сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді.

Қазіргі уақытта 190-ға жуық компания еліміздің алтын кен орындарын игеруге құқылы. Олардың 35-і нақты өндірумен айналысады. Бұл компанияларда 20 мыңға жуық қазақстандық тұрақты жұмыс істейді. Бұл тау-кен металлургия саласы қызметкерлерінің жалпы санының 10% шамасында.

2020 жылы Қазақстан 69 тонна таза алтын өндірді. Оларды өндіру үшін жер қойнауынан 24,8 млн тонна кен өндіріліп, одан 118 тонна өңделмеген алтын (Доре қорытпасы және шлихті алтын) шығарылды.

Отандық зергерлердің қажеттіліктері үшін мемлекет жыл сайын 300 кг алтын бөледі. Алайда, зергерлік әшекейлердің көлеңкелі айналымының көптігіне және отандық зергерлік өнеркәсіптің әлі дамымағанына байланысты зергерлер 36 кг-нан артық сатып алмайды. Зергерлік өнеркәсіп қауымдастығының мәліметінше ішкі нарықтағы отандық кәсіпорындар үлесі 10%-дан аспайды.

Келісімге қол қою Қазақстандағы зергерлік саласын дамытуға елеулі серпін береді деп болжанып отыр.

Анықтама үшін:

Кимберли процесі 82 елді біріктіреді. Ұйым 2003 жылы "қанды гауһар" деп аталатын заңсыз өндірілген асыл тастармен күрес аясында құрылды. Оны сатудан түскен қаражат аймақтық қақтығыстар мен террористік топтарды қаржыландыруға жұмсалып келген. 

Кимберли процесіне қатысушы ел шикі алмастың бірде-бір партиясы оған қатыспайтын адамға импортталмайтынына немесе экспортталмайтынына кепілдік береді.

ЕАЭО-ға қатысушы барлық ел - Кимберлий процесінің мүшесі.