2021 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің көлемі артты

2021 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің көлемі артты

Өңдеу өнеркәсібі секторларының биылғы екі айдағы жұмыс қорытындыларын бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

2021 жылғы 2 айдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталып, жиынтық көрсеткіші 106,1% болды.
Машина жасау саласында автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді (+19,6%), машиналар мен жабдықтарды (+54,6%) шығару, өзге көлік құралдарын өндіру (+38,5%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (+38,5%), электр жабдықтарын (+7,4%), жөндеу және орнату (+4,9%) есебінен 121,2% тұрақты өсім болды.

Түсті металлургияда оң динамика сақталды. Өсім 5,4% құрады. Тазартылған алтынның (+42%), тазартылған күмістің (+60%), құймалардағы алтынның (+45%), түйіршіктердегі күмістің (+10%), катодты мыстың (+ 45%) және т.б. көлемі ұлғайды.

Қара металлургияда шойын (+5%) және ферро-кремний-марганец (+73%) өндірісі көлемінің өсуі байқалды.

Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,2% өсті. Сұраныстың артуы есебінен "Химфарм"АҚ-да өнім шығару көлемі 3 есеге ұлғайды. "Нобел АФФ" АҚ-да 27% өсім тіркелді.

Жеңіл өнеркәсіпте киім (+19,9%) және былғары өнімдері (+16,6%) өндірісінің ұлғаюы есебінен өсім 3,5% құрады.
Химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі 14,1% болды.

Портландцемент (+61,2%) және гипс (+45,2%) өндірісін арттыру есебінен құрылыс материалдарының өндірісі 122,9% деңгейінде тіркелді.

КӨЛІК

Транзиттік контейнерлік тасымалдарда 156,5 мың ЖФБ көлемінде оң динамика сақталып, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда өсім 79% құрады (2020 жылғы ақпанда - 87,2. мың ЖФБ).

ҚҰРЫЛЫС

Биылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысында құрылыста нақты көлем индексі 109,7% құрады.
Екі айда 1 893 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,8% құрады.

Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 15 807 баспана (оның ішінде – 5 487 жеке үй) тапсырылды. Өткен жылмен салыстырғанда тиісті көрсеткіш барлық өңірде артқан.

2021 жылы 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салу және жоспардағы барлық көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отыр.