
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі және Жамбыл облысының әкімдігі әлемдегі жетекші агрохимиялық компаниялардың бірі - EuroChem Group AG (ары қарай «ЕуроХим» немесе «Топ») Өзара түсіністік және серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Меморандумға қол қою рәсімі Астанада Қазақстан мен Ресейдің XIII аймақаралық форумы аясында өтті.
Құжатқа ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев және «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС Бас директоры Дмитрий Стрежнев қол қойды.
Меморандумға сәйкес ЕуроХим минералды тыңайтқыштарды өндіретін жаңа кешен құрылысына, сондай-ақ, жергілікті әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция құятын болады. Аталған кешен компанияның Жамбыл облысындағы фосфорит кенін шығаратын өндірісінің жанында орналасады. Өз кезегінде Қазақстан билігі ЕуроХим өз жобасын кідіріссіз жүзеге асыруы үшін оңтайлы құқықтық және бизнес ортаны қамтамасыз етпек.
«ЕуроХим» Бас директоры Дмитрий Стрежнев атап өткендей: «Меморандумға қол қою біздің ең асқақ мақсатты алға қойған жобаларымыздың бірін жүзеге асыру жолындағы маңызды әрі бірізді қадам болып табылады. Қызметімізге қолдау көрсетіп отырғаны үшін Қазақстан билігіне алғысымызды білдіреміз және арадағы ынтымақтастықты нығайтуға біз қашанда қуаныштымыз. Бүгінгі іс-шара жобамызды жүзеге асыру жөнінде, сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жақсарту жөнінде біз өз міндеттемелерімізді орындауды жалғастыратындығымызды айғақтайды».
ЕуроХим - 2013 жылдан бастап Жамбыл облысында фосфорит кенін өндіру және минералды тыңайтқыштарды шығару бойынша жобасын жүзеге асырып келе жатқан Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі. Биылғы жылдың басында жобаның бірінші кезеңі табысты аяқталып, қазір ол жылына 640 мың тонна фосфорит кенін өндіре алатын жобалық қуаттылығына жетіп отыр. Сондай-ақ, ЕуроХим аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция құюды жалғастырып келеді және де қазірдің өзінде осы мақсатқа 18 млн. АҚШ долларын бағыттаған.
Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде ЕуроХим жылына өндірілетін фосфорит кенінің көлемін 1,5 млн. тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр, бұл компанияның аймақта минералды тыңайтқыштарды өндіретін кешенді салу бойынша жоспарымен байланысты. Аталған кешеннің өндірістік қуаттылығы негізгі өнім түрлері бойынша (калий сульфаты және дикальцийфосфат) жылына 1 млн. тоннадан аспақ, сондай-ақ, ілеспелі өнімдер бойынша жылына шамамен 1 млн. тоннаны құрамақ.
EuroChem Group AG
«ЕуроХим» негізінен азоттық және фосфорлық тыңайтқыштарды, сондай-ақ, органикалық жолмен синтезделген өнімдерді және темір кенін өндіретін әлемдегі жетекші агрохимиялық компания болып табылады. Топ құрылымы тігінен ықпалдастырылған және оның қызмет шеңберіне пайдалы қазбалар мен көмірсутекті өндіруден бастап, тыңайтқышарды өндіру, логистикасы және дистрибуциясына дейінгі қызмет түрлері кіреді. Қазіргі таңда Топ «ЕуроХим-ВолгаКалий» және Усол калий комбинаты жобалары шеңберінде Ресейдегі екі ірі калий тұзы кенорнын игеруде. Топтың бас кеңсесі Швейцариядағы Цуг қаласында, ал өндірістік кәсіпорындары мен дистрибуция желісі Бельгия, Қытай, Қазақстан, Литва, АҚШ және Ресейде орналасқан. Компанияның қызметкерлер саны бүкіл әлем бойынша 23 400 адамнан асады.