
Ақтөбе рельс-арқалық зауыты фасонды прокаттың сұрыптық желісін кеңейтті. Енді өндірісте №30 ыстықтай илектелген қоставрлы болат арқалық шығаруды жолға қойды. Жаңа өнім халықаралық стандарттардың жоғары талаптарына жауап береді және ГОСТ 8239-89, ГОСТ 535-2005 сәйкес шығарылады. Сапаны бақылау бойынша барлық қажетті сынақтар жеке аккредиттелген зертханада өткізілді.
Жаңа өнім өндірісін игеруге дайындық 2020 жылы басталды, ал ағымдағы жылдың ақпан айында халықаралық стандарттардың барлық талаптарына жауап беретін өнімді ала отырып, тәжірибелік прокат жүргізгеннен кейін процесс толығымен аяқталды. Сұрыпталымның жаңа түрін шығару ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жалпы республиканың, атап айтқанда зауыттың экспорттық әлеуетін арттырады. Бүгінгі таңда Ақтөбе рельс-арқалық зауыты өнімінің сапасын Ресей, Украина, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Белоруссия, Ауғанстан, Эстония, Латвия, Түркия сияқты елдердің халықаралық тұтынушылары растады.
«Біз жоғары жылдамдықты магистральдарға арналған рельстерді өндірумен қатар фасонды прокат сұрыптамасын игеріп, 1-сұрыпты өнімге қойылатын талаптарға сәйкес келетін профиль геометриясы бойынша барлық сапа көрсеткіштерін ала алғанымызға қуаныштымыз. Қазір біз қол жеткізген нәтижелерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, қоймадағы дайындаманың барлық көлемін сыннан өткізіп жатырмыз», - деп атап өтті өндіріс ошағының бас директоры Валерий Обилец.
Қазақстанда №30 ыстықтай илектелген қоставрлы болат арқалық өндірісі бұрын жүргізілмеген. Металл бұйымдарының бұл түрі қазіргі заманғы ірі панельді және блоктық, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста кеңінен қолданылады, мысалы, бағаналық металл конструкцияларын, әртүрлі көпір құрылыстарын, эстакадаларды, аспалы жолдар мен тіректерді салу үшін қолданылады.
Кәсіпорынның бас директорының айтуынша, қоставрлы болат арқалықтардың қолданылу аясы құрылыс салудан бастап ауыр машина жасауға, вагон жасауға дейін, тіпті құрылыстарды безендіру кезінде де кең қолданылады. Олар тік көлденең әсерден жоғары жүктемелер бар көпірлерді, жер үсті өткелдерін және басқа нысандарды салу кезінде қажет. Мұндай арқалықтар құрылыс шығындарын едәуір азайтуға көмектеседі.
Кәсіпорын жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, өнімнің сапасын одан әрі жақсартуға және шығарылатын өнім желісін кеңейтуге ниетті. Қазір кәсіпорын басшылығы жаңа өнімді жеткізу үшін халықаралық серіктестермен келіссөздер жүргізуде.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты ұзындығы 120 метрге дейін жететін жоғары сапалы рельстерді және орташа пішінді прокат шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын болып табылады. Зауыттың жобалық қуаты 430 мың тонна дайын өнімді құрайды, оның ішінде 200 мың тонна рельстік өнім және 230 мың тонна фасондық прокат. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін шығарылатын өнімнің сапасын бірінші дәрежелі мамандар, жоғары технологиялық жабдық және процестерді автоматтандырудың жоғары дәрежесімен әлемге әйгілі «Primetals Technologies Italy S. r.l. (Siemens-VAI)» илемдеу орнағы қамтамасыз етеді.