
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, «Қазақэнергиясараптама» ЖШС ғимаратында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарының 59 қадамы (2016 жыл мамыр айы) «Мойындалған халықаралық энергосервистік шарттар арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторлар тарту. Олардың негізгі міндеті: жеке шығындарын өтей отырып, энергия үнемдеу саласында кешенді қызмет көрсету үшін жеке меншік энергия сервистік компанияларды дамытуды ынталандыру және іс жүзінде энергетикалық шығындарды үнемдеуден қаржылай пайда табу», «Энергия тиімділік картасын» енгізу, нысандарда энергоаудит жүргізудің тәртібін түсіндіру мақсатында және энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді. Семинарға бюджеттік бағдарлама әкімшілері, мекеме-ұйым басшылары және мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің өкілдері қатысты.
Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы – Алмашев Шағдат Тамабайұлы - кірісіпе сөзімен семинар-кеңесті аша отырып, басты тақырыпқа қысқаша тоқталып өтті.
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің атом энергиясын пайдалану объектілерін мемлекеттік қадағалау, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы бөлімінің басшысы – Измағамбетов Нұрлан Төребайұлы – энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы бақылаудың іске асырылуын түсіндірді.
Семинар барысында «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» Қызылорда облысы бойынша АҚ деректерді өңдеу және жинақтау орталығы аумақтық бөлімшесінің бас менеджері – Қасымов Ғалым – Қызылорда облысының мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері бойынша мәселелерге тоқталды.
«Қазақэнергиясараптама-Қызылорда» ЖШС директоры – Темірбаев Жанат - Ұлттық жоспардың 59 қадамын іске асыру бойынша «Энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту» тақырыбында баяндама жасап, энергоаудит жүргізу тәртібімен және «Энергия тиімділік картасын» енгізу мақсатында дайындалған жобалармен таныстырды.
Семинар барысында қатысушылардың мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру, энергия тиімділік картасына енгізуге ұсынылатын жобаларды анықтау, энергоаудит өткізу, энергосервистік келісім-шарттардың механизмдері мәселелері бойынша қойылған сұрақтарына толық және тыңғылықты жауаптар берілді.