
Ағымдағы жылы "Астана - жаңа қала" АЭА аумағында бірнеше ірі жобалардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Солардың бірі индустриялық-модульдік құрылыс бағытындағы ModeX зауыты. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет индустриялық модульдік үй құрылысы технологиясын енгізу басталды. Ол құрылыс мерзімін төрт есе қысқартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғын үйдің өзіндік құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттырады. Бұл тұрғын үйді ел азаматтары үшін барынша қолжетімді ете отырып, республиканың тұрғын үй саласын түбегейлі өзгертеді.
Аталмыш кәсіпорын темірбетон бұйымдарын – блок-бөлмелер шығарады, олардан LEGO конструкторы қағидаты бойынша тұрғын үйлер немесе әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады. Әзірге зауыттың бірінші кезегі енгізілді. Оның өндірістік қуаты-200 мың шаршы метр. 2 және 3-кезек енгізілгеннен кейін қуат 1000 шаршы метрге дейін артады.
Индустриялық модульдік үй құрылысының жоғары экологиялық таза болуына керамзитбетонның қолданылуы және шаңды жұмыстардың зауыт цехында жүргізілуі арқылы қол жеткізіледі. Жылу және шу оқшаулау қасиеттерінің сапалық көрсеткіштеріне қос қабырғалар, едендер мен төбелер есебінен қол жеткізіледі. Айта кететін жайт, бұл технология Германияда аз қабатты құрылыс үшін және Сингапурде 30-40 қабатты тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар үшін белсенді қолданылады.
Сонымен қатар, мұндай зауытты Алматыда да салу жоспарланып отыр. "Алматы-еліміздің ірі қаласы. Модульдік технология осы өңірде заманауи және қолжетімді тұрғын үй салуды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз. Қазіргі уақытта біз бірқатар тәжірибелік зерттеулер жүргізіп жатырмыз ", - дейді Modex даму жөніндегі директоры Адат Әділхан.
Сондай-ақ, биыл әлемді жайлаған пандемияға байланысты барлық қиындықтарға қарамастан, бетон және газоблок өндіретін "Баракат Инвест" зауыты цемент және гипс негізінде құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехын ашты. Енді зауытта гипсалық сылақ, құймалы еден, газоблок пен кафельге арналған желім шығарылады. Өндірісте жергілікті, қазақстандық шикізат пайдаланылады. Мысалы, Қабанбай батыр ауылынан құм, Волгодоновка мен Аршалы ауылдарынан қиыршық тас. Өндірісті кеңейтудің арқасында қосымша 10 жұмыс орны ашылды. Жақын арада 2-ші желіні іске қосу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, полиэтилен, полипропилен құбырларын, сондай-ақ пенополиуретанды оқшаулауда металл жылу оқшаулағыш құбырларын шығаратын "Kerim Plastic Pipes" ЖШС зауыты ашылды. Ал "Central Beton Company" ЖШС жаңа кәсіпорнында тәулігіне 3 мың текше метр бетон өндіріледі. Сондай-ақ, компанияның теміржол тұйығында қоймасы бар, онда бір мезгілде 3 мың тоннаға дейін цемент сақтауға болады. Кәсіпорын өнімі Нұр-Сұлтан қаласында және Ақмола облысының аумағында таратылады.
"Болашақ 2019" ЖШС-де медициналық бетперделер өндірісі іске қосылды. Кәсіпорын дайын өніммен елорда халқын қамтамасыз етеді және еліміздің барлық өңірлеріне жеткізеді.