
Ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңартуды ынталандыру мақсатында ағымдағы жылдың 2 қарашасынан бастап Қазақстанда пайдаланудан шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қабылдау жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бағдарлама Қарағанды облысындағы кәдеге жарату зауытының алаңында бастау алды. Индустриялық даму комитеті мамандарының деректері бойынша бүгінде осы жоба аясында 99 ауыл шаруашылығы техникасы қабылданды. Оның 81-і трактор және 18 комбайн. Жыл соңына дейін 100 трактор мен 20 комбайн қабылдау жоспарланған.
Ескі агротехниканы қабылдау Қазақстанның 10 өңірінде (Петропавл, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Талдықорған, Семей, Шымкент, Қызылорда, Тараз) жүзеге асырылады.
Ауылшаруашылық техникасы жеңілдік сертификаттарының орнына қабылданады. Жеңілдік сертификатының құны ауыл шаруашылығы техникасының түрі мен жинақталуына байланысты 560 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Айта кету керек, әзірге комбайндарды тек Петропавл, Қостанай, Көкшетау және Павлодар қалаларында ғана кәдеге жаратуға тапсыруға болады.
Жеңілдік сертификатын Қазақстанда шығарылған жаңа ауыл шаруашылығы техникасын алуға немесе жеңіл, жүк және жолаушылар көлігін сатып алу кезінде пайдалануға болады. Бағдарлама бір ауылшаруашылық техникасын немесе көлік құралын сатып алу кезінде екі сертификатты жинақтауға, сонымен қатар сертификатты басқа адамға қайта тіркеуге мүмкіндік береді. Сертификат тіркелген сәттен бастап оның қолданылу мерзімі-12 ай.
Бүгінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының паркі 143 мың трактор мен 37,6 мың комбайнды құрайды. 2019 жылы шамамен 3,4 мың бірлік трактор және 1,2 мың комбайн сатып алынды. Осылайша, парктің жаңаруы сәйкесінше 2,4% және 3% құрады. Алайда оның көрсеткіші 6-8% болуы тиіс еді.
Пайдаланудан шыққан аграрлық техниканы кәдеге жарату бағдарламасын іске асыру ауыл шаруашылығы техникасының 80% - ға ескірген паркін жаңартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандырып, толыққанды автооресайклинг жүйесін құруға ықпал етеді.