«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқас» кенорнында аварияны тексеру жөнінде ақпарат

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқас» кенорнында аварияны тексеру жөнінде ақпарат

03.05.2017 жылы сағат 21.30-да «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на қарасты «Қаламқас» кенорнында «Каз Пром Логистик» ЖШС-нің бригадасымен №3049 су айдау ұңғысында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде авария (газсудың шығуы) орын алды. Оқиға болған жерге 04.05.2017 жылы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ШЖҚ РМК Маңғыстау филиалының жедел тобы барды және тиісті шаралар жасақтап, сол күні 17.30-да аварияны толық жойды.

Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңның 83-ші бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік Комитетінің 09.05.2017 жылғы шығыс №25-4/4-1440 хаты негізінде, сонымен бірге орын алған аварияның себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті (әрі қарай - Департамент) басшысының №45-ші бұйрығымен аварияны тексеру комиссиясы құрылды. Бұл аталған комиссия құрамына департаменттің қызметкерлері, Маңғыстау облысы әкімдігінің және «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ШЖҚ РМК Маңғыстау филиалының, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның және «Каз Пром Логистик» ЖШС-нің өкілдері кірді.

Комиссия мүшелері аварияның орын алған жеріне барып, толықтай мән-жаймен танысты. Сонымен бірге аварияның орын алуына жол берген тұлғалардан және куәгерлерден хаттама жасақтау арқылы сұраулар алынды.

Комиссия мән-жайды егжей-тегжейлі зерттей келе осындай аварияларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында нақты іс-шаралар көрсетілген тексеру актісін жасады.