
Бейжің қаласында (Қытай) халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Келісімдерді нақты іске асыруды талқылау мақсатында Бірлескен комиссияның бірінші отырысы өтті.
Келісімге 2014 жылдың 12 қыркүйегінде Душанбеде ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында қол қойылып, 2017 жылы 20 қаңтарда күшіне енген болатын.
Келісім аясында 2020 жылға дейін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тасымалдаушыларына Қытайдың шығыс бөлігінен, яғни Ляньюньган портынан Батыс Еуропаға тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін алты халықаралық автомобиль бағытын ашу көзделген. Осы бағыттардың төртеуі Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтеді.
Бірлескен комиссияның отырысы Қазақстан тарапының төрағалығымен өтті. Оған ШЫҰ Бас хатшысы Р.Алимов, БҰҰ ЭСКАТО хатшылығының өкілі Ф.Кормильцин, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының өкілдері қатысты.
Бірлескен комиссия өкілдері автомобиль жолдарын пайдалану, автомобиль көлігімен жүк тасымалдау үшін рұқсат бланк квоталарын бөлу механизмі мен оны дайындауға қатысты оннан астам өзекті мәселені талқылады.
Кездесу барысында, Бірлескен комиссияның кезекті отырысында Келісімде көрсетілген бағыттарды ашудың нақты мерзімін талқылау ұсынылды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті Хаттамаға қол қойылды.