
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2 маусым күні «Эйр Астана» әуе компаниясы Қазақстан мен Украина арасына тікелей әуе қатынасын қайтадан ашады. Осыған орай компания салтанатты түрде Астана – Киев рейсінің таныстырылымын өткізді.
Оған Қазақстан Республикасындағы Украина істері жөніндегі уақытша сенімді өкіл Владимир Джиджора, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Ластаев, «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер және БАҚ өкілдері қатысты.
Эйр Астана басшысы Питер Фостер Астана-Киев бағыты бойынша ұшуды қалпына келтіру әлемнің жас астаналарының бірі Астана қаласы мен әлемдегі ең көне астаналардың бірі Киевтің бірлік символы болды, дейді. Сондай-ақ ол «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында әуежайдың жаңа терминалының құрылысына салынған инвестиция өте тиімді жұмсалғанын атап өтті. Бұл терминалдың ашылуы әуе компаниялардың болашаққа үлкен жоспарлар құруына, рейстердің жиілігін арттыруға және жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасындағы Украина істері жөніндегі уақытша сенімді өкіл Владимир Джиджора жақын уақытта Астана – Киев әуе рейсінің жолаушысы болуға ниетті екенін айтып, аталмыш рейстің ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени, білім беру салаларындағы байланыстардың дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Компания басшысы ұшуды жоспарлаған кезде ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетін болады деп сендірді. Рейстер Embraer 190 және Airbus 320 ұшақтарымен орындалатын болады. Ұшу уақыты 3 сағаттан сәл асады. Сондай-ақ, П.Фостер жақын арада Астана-Дели әуе рейсі ашылатынын хабарлады.

